
Министр студенттік үйлер құрылысының барысымен танысты




Жаңа оқу жылы Еуразия ұлттық университеті студенттерді жатақханамен толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жаңадан салынып жатқан 4 Cтуденттік үй құрылысына жеке инвестиция тартылған және соның бірі биыл пайдалануға берілмек.
Сейсенбі күні Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы - ректор Ерлан Сыдықов бастаған жоғары оқу орнының басшылығы Жұмабаев көшесі мен Кенен Әзірбаев көшелерінің бойындағы жаңадан салынып жатқан Студенттік үйлердің құрылыс жұмысымен танысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жатақханаға бүгінгі сапарының негізгі мақсаты – жаңа салынып жатқан студенттік үйдің құрылысымен танысып, жаңа оқу жылына дайындықты көзбе-көз көру және бетпе-бет пікірлесу болатын. Сапар аясында осы мақсатта құрылыс жұмыстарының сапасы тексеріліп, мердігер компаниялармен кездесу өткізілді.
Еуразия ұлттық университеті екі жыл ішінде студенттік үйлердің санын көбейтіп, 5 мыңнан астам орынды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Мағжан Жұмабаев көшесінде бой көтеріп жатқан жаңа заманауи жатақханаға университет студенттері биылдың өзінде-ақ қоныстана алады.
«Қазіргі күні мемлекеттік қолдау тетігінің арқасында инвесторлар студенттік үйлердің құрылысына белсенді қызығушылық танытуда. Биыл жаңа оқу жылының алдында жаңа Студенттер үйін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта біз жатақханаға деген сұранысты жабатын тағы үш Студенттік үй салу бойынша белсенді жұмыс істеудеміз», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
ЕҰУ-дың жаңа Студенттік үйін инвестор-құрылыс жүргізуші «AEK Munai» ЖШС салуда. Қазіргі уақытта 2 блок және 6 қабаттан тұратын ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Студенттік жатақхананың жалпы ауданы 4,5 мың шаршы метрден асады.
«Биыл біздің компания өз қаражатына студенттік жатақханалар салуды шешті. Біздің алғашқы жобамыз Еуразия ұлттық университетінің Студенттік үйін салу болып табылады. Алты қабатты ғимаратта 170 бөлме, 400 орын қарастырылған. Жылдың басында бастаған едік, 7 айда аяқтағалы отырмыз. Жатақхана заманауи әрі жайлы болады. Бірінші қабаттарда студенттерге ыңғайлы болу үшін коворкинг – аймақтар орналасады», – деді Bastau Damu KZ ЖШС директоры Арман Халелов.
Айта кету керек, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанада студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі құрылған болатын. Осы бағытта инвесторлар, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және жоғары оқу орындары арасында одан әрі жемісті ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
«Жыл сайын он мыңнан астам төсек орындық жатақханалар құрылысын бастап жатырмыз. Былтыр 10 343 төсек орын 43 нысан тапсырылса, биыл жылдың соңына дейін 27 нысан өткізілетін болады. 10 500 төсек орыннан астам негізгі тапшылық – екі қалада. Олар Алматы мен Астана қалалары, бірақ келесі жылы Астанада бұл мәселені толықтай шешуге тырысамыз. Міне, 2 700 төсек орындық жатақхана Еуразия ұлттық университетіне тапсырылып жатыр. Оның 300 және 400 орындық жатақхана құрылысын бірден бастап кеттік. Мың орындық жаңа жатақхана құрылысы келесі жылы енгізіледі.Сондықтан бұл мәселелер біздің министрліктің бақылауында болады.
Тағы бір мәселе, біз былтыр субсидиялық нормативтерді өзгерттік. Біздің қаржы орталығымыз арнайы механизм арқылы жекеменшік мердігерлер жатақхананы соғып бітіргенде алты жылдың ішінде ақшаны қайтарып беретін арнайы механизм бар.Биыл оның үстіне қайта жабдықтауға субсидиялық нормативтерді өзгертетін боламыз, яғни бұрыннан салынған қонақ үй, хостел немесе бизнес орталықтары болған жағдайда үкіметтің көмегімен оларды тез арада жатақханаға айналдыруға мүмкіндік береміз. Сондықтан Астана мен Алматы және еліміздегі өзге де ірі қалалардың кәсіпкерлеріне үндеу тастағым келеді. Бұл мемлекетке де, студенттерге де, өздеріне де пайдалы әрі үлкен көмек», - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқандардың ішінде «INTEGRA» компаниясы да бар. Олар үш блок, бес қабаттан тұратын 2 656 орындық Студенттік үйін салуда.
«Бұл Студенттік үйлерге құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілуде, болашақта студенттеріміз қолайлы өмір сүру және оқу үшін бар күш-жігерімізді аяп жатқанымыз жоқ.Қазіргі таңда 450 адам еңбек етуде. Мұнда болашақта оқу залдары, коворкинг – аймақтар, компьютерлік сыныптар, кір жуатын орындар және т.б. қамтылады», - дейді «INTEGRA» компаниясының бас директоры Данияр Рахымтаев.
