
Ерлан Сыдықов: "Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің болашақ дамуын айқындап берді"





Жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел Президентінің Жолдауы 2024-2025 жаңа оқу жылының басталуымен қатар келуі, еліміздің әрбір азаматының ерекше назарын аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады. Президент Жолдауын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылым басшылары, профессор-оқытушылар тікелей эфирден зорықыласпен тыңдап, толғаныспен қабылдады.
Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа Жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде көптеген жаңашылдықтың болатынын көрсетіп берді.
Президент Жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты мәселелерді қамтыды.
Алдымен кезекті сессияның ашылуымен құттықтап, өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілгенін, атап айтқанда, 102 заң қабылданғанын, оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар барын және ғылым мен технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енгенін баса айтты.
Президент Жолдауында алдағы жұмыстың нақты бағыттарын айқындады.
Олар: ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою; инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу; еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау; инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу; еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру; Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту; экологиялық ахуалды жақсарту; мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру; қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.
Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді. Оған Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заңның қабылдануы, балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатыны, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаның күшейтілуі, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңның қабылданғаны дәлел ретінде келтірілді. Сонымен қатар Президент қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бары және бұл – өте өзекті, қоғамдық қатерге айналғанына тоқталды. Осы бағытта арнайы заңдар қабылданып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шаралар қолға алынғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы сонымен қатар сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін айтты.
«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырғанын, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шеккенін айта кетті. Тіпті, олардың арасында тұтас отбасылар бар екенін қынжыла жеткізді. Президент бұл орайда жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе екені айтылды және осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажеттігін ескертті. Президентті жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендеп кеткені, жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар алаңдатты. Бұл тұрғыда Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі жұмыс жасап, депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс екені ескертілді.
Президент Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екеніне тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керектігін атап өтті. Бұл бағытта елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастағанын, оларға мейлінше қолдау көрсету керектігін айтты. Президенттің айтуынша, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыс біртіндеп көбейтіледі және үздік университеттердің нақты сектормен байланысы нығаяды. Сондай-ақ ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін «академиялық туризмге» айналдырмау керектігі де ескертілді.
Қорыта айтқанда, жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Президент айтқан басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру және әділетті Қазақстан орнату, сол жолға түсу. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын, өйткені бізге бұған барлық мүмкіндіктер бар. Жолдауда айтылған жаңа салық кодексін қабылдау, көлік логистикасы, темір жол саласындағы жаңа тариф мәселесі, атом энергетикасының қажеттілігі, жасанды интелект, цифрландыру, табиғатты аялау, туризмді дамыту, су ресурстарын үнемдеу, кадрлық мәселе, грант, 2025 жұмысшы мамандықтар жылы, білім беруді жетілдіру, мемлекеттік тапсырыс, бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік мәселені арттыру, экономикалық ахуалды жетілдіру, мемлекеттік басқару, азаматтардың қаржылық сауатын көтеру өте орынды айтылған. Сонымен қатар қаржы саясатын озық үлгімен алмастыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, әділеттілігін жетілдіру, заң үстемдігін жоғары деңгейге көтеру, тәртіп мәселелеріне айрықша мән берілген. Бұл айтылған, ұсынылған Президент Жолдауы халыққа, қоғамға, мемлекет дамуы, өркендеуі үшін аса қажетті дүние. Осыған орай бұл Жолдау бүкіл халықтың ойынан шығып, қазір мемлекетіміздің барлық аумақтарында басқару, оқу-өндірістік салаларында, мемлекеттік емес ұйымдарда кеңінен талқыланып, кең қолдау тауып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауының түйіні ретінде бірлік бар жерде тірлік барын еске салып, ел азаматтарын отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.
