
ЕҰУ-да суретші Жанұзақ Мүсәпірмен кездесу өтті













Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Көшпенділер тарихы» атты мәдени-танымдық кеш өтті, оған Қазақстан Жазушылар одағы және Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір шақырылды. Іс-шараны ЕҰУ жанындағы «Кәусар» мәдени- танымдық бірлестігі ұйымдастырды.
«Кәусар» басшысы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай атап өткендей, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жыл сайын жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады.
Ашық форматта өткен кездесуде кеш қонағының өмір жолы таныстырылып, әріптестері құрмет көрсетті. Қазақстан Суретшілер одағы басшылығы атынан марапаттар жасалды. Содан кейін Жанұзақ Керімбекұлы көрермендер сұрағына жауап беріп, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, суретшінің көрмеге қойылған шығармалары, ұстаздардан тәлім алу және кездесу тарихы, атақты суретшілердің өміріне қатысты айтылған деректер, бейнелеу өнері және оның қыр-сыры, өнерге деген адалдық, шәкірт тәрбиелеу, жастардың өнерге келуі, суретші арқалаған жүктің салмағы, мамандыққа адалдық тұрғысында айтылған ойлары көрермендер көңілінен шықты.
«Бүгін менің көрмем, бір жағы кездесуім Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. «Көшпенділер тарихы» деп тақырыбы айтып тұрғандай, біз тарихымызды тереңірек үңіліп қарауымыз керек, себебі әлі ашылмаған, қаралмаған, тіпті танымайтын дүниелеріміз өте көп. Жастарға осының бәрін жеткізу біздің, әсіресе, өнер адамдарының, тарихшылардың, академиктердің парызы, негізгі міндеті деп санаймын. Сондықтан мен бүгінгі көрмеге қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты «Келі түйген қыз», «Құрт жайған келіншек», «Диірмен тартқан ана», «Ши тоқыған қыз» сияқты картиналарыма қоса, «Дина Нұрпейісова» сынды екі-үш портреттерімді де әкелдім», - деп атап өтті суретші.
Кездесу қорытындысы бойынша ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпірдің елге сіңірген еңбектерін айта келіп, Ғылыми кеңестің шешімімен университеттің ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалін табыс етті.
