
ЕҰУ-да алғаш рет сурдоаудармамен жаппай ашық онлайн-курсы әзірленді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Психология» жалпыға міндетті пәні бойынша сурдоаудармасымен алғашқы жаппай ашық онлайн курс дәрістерін әзірледі.
«Психология» курсы бакалавриаттың барлық бағытындағы және есту қабілеті бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға арналған. Курс аясында білім алушылар психологияның мотивация, эмоция және эмоционалды интеллект, адам өміріндегі ерік пен құндылықтар сияқты негізгі ұғымдарымен және категорияларымен танысады. Білім алушылар жеке тұлғаның типологиялық ерекшеліктерін біліп, қарым-қатынастың негізгі дағдыларын үйренеді және жанжалды жағдайларды жеңе отырып, қоғамда тиімді қарым-қатынас жасай алады.
Онлайн-курстың авторы – психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті «Психология» кафедрасының меңгерушісі Әлия Мамбеталина.
Сурдоаударманы жүзеге асыру үшін ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығының көмегімен ым-ишара тілінің аудармашысы, «Хабар» және «24KZ» агенттіктерінің маманы Хасан Исраилов шақырылды.
Курсты жазу барысында техникалық сүйемелдеуді ЕҰУ Цифрлық даму және онлайн оқыту департаментінің онлайн-курстарды әзірлеу секторы жүзеге асырды.
Сурдоаудармасы бар жаппай ашық онлайн-курс дәрістері Еуразия онлайн-курстар платформасында қолжетімді.
Бұл жаңалық 2023-2025 жылдарға арналған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде, сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған ЕҰУ-да инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасына сәйкес әзірленді.
Айта кетейік, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдауға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда.
