
Студенттік клубтар жәрмеңкесі–2024

2024 жылғы 19 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттік клубтардың жәрмеңкесі сәтті өтті. Халықаралық қатынастар факультетінің шет тілдері кафедрасынан испан тілі клубы мен студенттік еріктілер клубына жаңа мүшелерін тіркеу дәстүрі өтті. Кафедра клубтары жетекшілері – Испаниядан келген шетелдік оқытушы Давид Диес де Пас (David Diez de Paz) және ағылшын тілі оқытушысы Д.О.Салиева.
Бірнеше жылдан бері ХҚФ шет тілдері кафедрасында екі студенттік клуб жұмыс істейді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУдегі алғашқы Испания Корольдігінің Руй Гонсалес де Клавихо атындағы Тіл және мәдениет ресурстық орталығындағы студенттік испан тілі клубы 2018 жылы ақпан айында ашылды.
Клубтың мақсаты:
- студенттердің испан тіліне қызығушылын арттыру;
- Испанияның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы қосымша мағұлыматтармен таныстыру;
Клуб міндеттері:
- студенттердің ауызекі (сөйлеу және тыңдап түсіну) және жазбаша (оқылым мен жазба) қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту;
- студенттердің сөйлеу, лингвистикалық, әлеуметтік-мәдени құзыреттілігін қалыптастыру;
- студенттердің білімдерін жетілдіруге, өз бетінше жұмыс істеуге қажеттіліктерін қалыптастыру;
- студенттердің тіл мәдениетін дамыту, испан тілінде сөйлейтін елдердің шынай өмірімен таныстыру;
- испан тілінде сөйлейтін елдердің халқының өмір салтын құрметтеуге тәрбиелеу;
- толеранттылық сезімін тәрбиелеу.
Салиева Д.О. жетекшілік ететін студенттік волонтерлік клуб ХҚФ шет тілдер кафедрасында 2019 жылдың 16 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. 2023-2024 оқу жылынан бастап қоғамдастық «Студенттік волонтерлік клуб» деп аталады. Клуб қызметі мына негіздерге бағытталған:
- адами капиталдың жан-жақты дамуы: кәсіби, рухани және тұлғалық;
- ұлттық ерекшелікті сақтау;
- тілдік және технологиялық біліктілікті жетілдіру;
- іс-шараларды ұйымдастыру.
Волонтерлік клубтың мүшелері – өз халқының құндылықтарын терең құрметтейтін және өз әлеуетін барынша іске асыратын озық ойлы жастар.
Жәрмеңке қатысушылары студенттік клубтар аясында өткізілетін іс-шараларға қатысуға үлкен қызығушылық танытып, клуб мүшелігіне белсенді түрде жазылды.
Салиева Д.О.
