
ЕҰУ мен Cardiff University арасында ынтымақтастық салалары талқыланды
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі Cardiff University делегациясы келді. Қонақтарды ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов және университет ұжымы күтіп алды.
Кездесу барысында тараптар университеттер арасындағы ынтымақтастық салаларын талқылады. Сондай-ақ Ұлыбританиядан келген қонақтарға ЕҰУ-дың тарихи жазу музейіндегі жәдігерлер таныстырылды.
«Екі жақты ынтымақтастықты талқылау біздің университет үшін маңызды, өйткені біздің оқу ордамыз зерттеу университеті болып табылады. Біз барлық ғылыми бағыттарға назар аудара аламыз. Алдағы уақытта екі жақты тиімді ынтымақтастықты жүзеге асырамыз деген сенімдемін» - деді Думан Айтмағамбетов.
Өз кезегінде Кардифф университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Рудольф Конрад Аллеманн екі жақты ынтымақтастыққа қатысты өз пікірін білдірді.
«Cardiff University Уэльстің астанасы Кардифф қаласында орналасқан және Ұлыбританиядағы 24 жетекші зерттеу университеттерінің біріккен беделді Russell Group қауымдастығының бөлігі болып табылады. Университетте студенттер саны 33 000-нан астам, оның ішінде 130-дан астам елден шамамен 7 900 халықаралық студент білім алады. Бізде ЕҰУ екі жақты ынтымақтастықтан күтеріміз көп, бірге ғылым мен білім жолында жұмыстар атқарамыз деп сенемін»
Айта кету керек, Кардифф университетінің математика мектебі мен ЕҰУ математика және ақпараттық технологиялар факультеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2006 жылы қол қойылған.
