
«Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының ПОҚ мен студенттері Ұлттық музейінде профессор Тілеужан Батановтың «Сезім» атты жеке көрмесінің ашылу салтанатына қатысты

2024 жылғы 25 қыркүйекте Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Суретшілер одағы және Дизайнерлер одағының мүшесі, Суретшілер академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дизайн кафедрасының профессоры Тілеужан Батановтың «Сезім» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрменің ашылуында «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының меңгерушісі профессор Т. Самуратова суретшінің университетке сіңірген еңбегі туралы ой қозғап, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атынан алғыс білдірді.
Көрмеге кафедра оқытушылары, магистранттар жалпы саны 50ге жуық студенттер туындылармен танысып, жұмыстардағы колорит арқылы шығармашылық талдау жүргізді.
Тілеужан Батановтың әр туындысының кескіні, реңктері, композиция және сюжеттері қылқаламның ұшынан сезіммен ұштастырылған, бақыт сылайтын айрықша маңызды нәрселерді бейнелі көріністермен сездіруге ұмтылады. Суретшінің композицияларынан динамиканы, жігерді байқау қиын емес. Жастық, әсемдік, махаббат, отбасы, ұрпақтар үндестігі сияқты кез келген адам үшін теңдессіз құндылықтарды қыш мүсіндермен ұштастырған. Суретші өз шығармашылығында бейнелерді тек реалистік баяндаумен ғана шектеліп қалмайды. Қажет жерінде реалистік жүйе мен жартылай абстрактілік декоративті қалыпты ұштастыра біледі.200-ден астам шығармашылық көркем және мүсін жұмыстары АҚШ, Ресей, Швейцария, Дания, Австралия, Нидерланд, Түркия, Германия, Грузия, Өзбекстан және басқа да жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.
Көрмеге автордың кескіндемелік, графикалық және мүсіндік 150-ге жуық шығармашылық жұмыстары қойылады.
Тілеужан Бағыбайұлы ардагер ұстаз ретінде «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасында жас мамандар мен студенттерге шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады.

