
Тренто университетінің (Италия) психология профессоры ЕҰУ-да дәріс оқиды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық ынтымақтастық департаменті» мен университеттің академиялық мобильділік бағдарламасының қолдауымен Құрметті профессор Ремо Джоб 2024 жылдың 14 қазан күні мен 12 қараша күндері аралығында «Психология» білім беру бағдарламасы 2 курс магистранттарына «Жоғары оқу орындарында психологияны оқыту әдістемесі» курсы бойынша дәріс жүрргізеді.
Ремо Джоб - Италиядағы Психология оқытушыларының халықаралық кеңесінің президенті және Италияның Тренто университетінің Психология және когнитивтік ғылымдар кафедрасының Құрметті профессоры. Бұл университет QS әлемдік университеттер рейтингісінде ең үздік 500 университет қатарына кіреді, ал психология пәні бойынша алғашқы 200-ге енеді. Профессор Джоб халықаралық беделді психология журналдарында 150-ден астам жарияланымның авторы, 9 кітап жазған, 45 кітап тарауына үлес қосқан. Оның Scopus дерекқорындағы h-индексі 33, бұл оның ғылыми жұмыстарының жоғары деңгейі мен маңыздылығын көрсетеді.
Профессор Ремо Джоб бір ай бойы өткізетін курстың аясында магистранттар психология және оқыту әдістемесі саласындағы білімдерін тереңдетіп, ғылым мен кәсіби біліктері аясында тұжырымдарын кеңейтуге мүмкіндік алады. Профессордың курсы стандартты оқу бағдарламасымен шектелмейді, ол студенттерді ғылыми зерттеулер жүргізуге ынталандырып, оларға психология салаларындағы профессорлық тәжірибелерімен үлкен ықыласпен бөлісіп отырады.
Дәрістік курстарға қоса, профессор Джоб «Психология» бағдарламасы бойынша докторанттарға ғылыми кеңесші ретінде тағайындалды. Сондай-ақ психология кафедрасының оқытушылар құрамы үшін жоғары импакт-факторлы журналдарға мақала жазу бойынша семинарлар өткізеді. Ғалымның ғылыми-тәжірибелік сапары аясында, 2024 жылдың 24 қазанында Республика күніне арналған «Еуразиялық тұлға зерттеу мектебі: даму жолдары мен перспективалары» атты халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Профессордың сапары университеттер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалап, қазақстандық психология ғылымының шекарасын кеңейтуге бағытталған платформасын құрайды.
