
ЕҰУ қызметкерлері Республика күніне орай мемлекеттік наградаларға ие болды

Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері Республика күні білім және ғылым саласындағы жетістіктері үшін мемлекеттік наградалар алды.
«Еуразиялықтарға» марапаттарды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыс етті.
Министрдің қолынан марапаттарды алгебра және геометрия кафедрасының доценті Махсұт Бекенов, әлеуметтану кафедрасының доценті Ринат Салықжанов, механика-математика факультетінің профессоры Нұрболат Жәйшібеков, Ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Нұрзада алды.
«Президентіміз Республика күніне ерекше мән береді. Өкінішке қарай, біздің қоғам тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсінбей келеді. Халқымыз бұл сыйлықты бағаламаса, оны бізден тартып алуы мүмкін. Көріп отырғанымыздай, әлемде қақтығыстар өте көп. Сондықтан баршаға тәуелсіздіктің қадірін білсе екен деймін», - деді министр.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бұл күнді ғылым мен білім саласы үшін ерекше деп атады.
«Біз білім мен ғылымға мемлекет тарапынан шынайы көмекті көріп отырмыз. Бұл қазақтың атақты математигі Асқар Жұмаділдаевқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағының берілуімен дәлелденді.
Жатақхана мәселесі 100 пайызға шешілді. Қазақстанда шетел университеттерінің 23 филиалы жұмыс істейді. Бұл түбегейлі өзгерістердің басы», - деп түсіндірді ғалым.
ҚР Ұлттық ғылым академиясы КЕАҚ вице-президенті, математик Асқар Жұмаділдаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің Декларациясының жасалу және еліміздің қалыптасу тарихына тоқталды.
Шара соңында ЕҰУ шығармашылық ұжымдарының студенттері көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды.
Марапаттардың толық тізімін мына жерден табуға болады.
