
ЕҰУ-да қазақ мемлекеттілігі мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ-нын профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сатай Сыздықовтың 70 жасқа толуына арналған «Қазақ мемлекеттілігі: бастаулары, тарихи сабақтастығы және эволюциясы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның мақсаты: Қазақ мемлекеттілігі тарихын зерделеудегі тың мәселелерді көтеру, мемлекеттіліктің дамуындағы саяси билеуші түрік әулеті мен түрік қауымдарының ру-тайпалық конференцияларының қалыптасуы, мемлекет идеологиясы, саяси билік жүйесін құруы, әкімшлік-аумақтық басқаруы, олардың қызметінің зерттелуін талқылау болып табылады.
Халықаралық жиынға Қазақстан тарихшылары конгресінің мүшелері, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері, университет профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Жиынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашып, мерейтой иесін құттықтады. ЕҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Сатай Сыздықовқа университетіміздің ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалін табыс етті және конференция жұмысына табыс тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толатынын атап өтті.Осыған байланысты Ұлы Дала өркениетінің және қазақ мемлектттілігінің тамырын жаңаша түсіну және насихаттау арқылы тарихи әділдікті орнатуға мүмкіндік беретін ауқымды зерттеулер жүргізудің қажеттігін айтқан болатын.
Қазақ мемлекеттілігінің мәселелерін қарастыруда Жошы ұлысы кезеңі маңызды роль атқарады. Өйткені қазақ мемлекеті осы ұлыстың тікелей мирасқоры болып саналады. Сондықтан бұл форумға республикадағы жетекші ғылыми мекемелер мен университеттердің, сонымен қатар, шетелдік ғалымдар да белсене қатысуда. Конференцияда ЕҰУ профессоры Сатай Сыздықовтың қазақ мемлекеттілігінің бір бастауы болып табылатын түркі дәуіріндегі Қарлық және Қарахан мемлекеттерінің тарихы мен мәдениетін зерттеген еңбектеріндегі өзекті мәселелер де қарастырылады деген сенімдемін», - деді ректор Ерлан Сыдықов. Сондай-ақ мерейтой иесіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын табыс етті.
Конференция барысында тарихшы Сатай Сыздықовтың 4 томдық «Қазылық» атты таңдамалы шыфғармалар жинағының тұсауы кесіліп, ЕҰУ ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен көрме ұйымдастырылды.
«Мен университет басшылығы мен ұжымына мерейтойыма арналған «Қазақ мемлекеттілігі: бастаулары, тарихи сабақтастығы және эволюциясы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын ұйымдастырып, «Күлтегін» медалін табыстағаныма ризамын. Мен үшін бұл менің еңбегімді жоғары бағалау», - деді профессор Сатай Сыздықов қорытынды сөзінде.
