
ЕҰУ-да «Егемендігім – елдігім» атты мектеп оқушылары арасында өткен республикалық айтыс өз мәресіне жетті





















Астана төрінде ҚР Оқу ағарту министрлігінің қолдауымен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Егемендік елдігім» атты республикалық «Қола домбыра - 2024» жас ақындар айтысы өтті.
Ұйымдастырушы, айтыскер ақын, ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, шараның мақсаты – Егемен еліміз жеткен жетістіктерді насихаттау, мектеп қабырғасындағы жас ақындардың ішкі мүмкіндігін ашып, шабытына қанат бітіру. Айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау.
Алғаш рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға республика бойынша 22 ақын қатысып, айтыстың алғашқы күні 11 жұп болып бақ сынасты. Суырып-салма өнерді қолдау үшін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев арнайы ат басын бұрып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
Ережеге сәйкес 22 ақыннан іріктелген 8 жұп келесі кезеңге өтіп, ақтық сында шымкенттік Әли Ислам мен маңғыстаулық Байжігіт Бейбіт түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғай отырып, аламан айтысты жандыра түсті.
Орақ ауызды кіл жүйріктердің сайысына айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақындар Иран Ғайып Күзембаевпен Өміржан Көпбосын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан , «Еl umiti» қорының Медиа бастамаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Азамат Оңайбаев, Жастар рухы ЖҚ басшысы Ақерке Ескендірова тағы басқалар төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.
Барлық қатысушыларға Алғыс хат және қаржылай сыйлық 50 мың теңге мөлшерінде, ақындардың тәлімгер-ұстаздарына ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты табысталды.
Айтыстың қорытындысы бойынша:
БАС ЖҮЛДЕ (500 мың теңге және «Қола домбыра» ) – Ислам Әли Біржанұлы (Шымкент қаласы);
I ОРЫН (500 мың теңге) –Бейбіт Байжігіт (Маңғыстау облысы);
ІІ ОРЫН (300 мың теңге) –Арай Нұрадин (Ақтөбе облысы), Айғаным Мақсұтханова (Астана қаласы);
ІІІ ОРЫН (150 мың теңге) – Рауан Нұршабеков (Алматы облысы), Нұрислам Рогатов (Қостанай облысы), Ерасыл Сейітжан (Алматы қаласы.
Қанша Раисова атындағы арнайы жүлде – Інжу Жаңабай (Жамбыл облысы), Есенқұл Жақыпбек атындағы арнайы жүлде (100 мың теңге) - Абылай Қайратұлы (Астана қаласы); Нартай Бекежанов атындағы арнайы жүлде – Марсель Ерсайынов (Атырау облысы), "Аманат" партиясының арнайы жүлдесі – Нұрахмет Мансұр (Қызылорда облысы), «Еl umiti» корпоративтік қорының арнайы жүлдесі – Толғанай Шалқарқызы (Абай облысы), Нұртөре Мықтыбай (Түркістан облысы), Айбарыс Сауытқан (Алматы қаласы).
Айтыскерлерді марапаттау салтантында сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев мектеп оқушылары арасында өтетін бұл айтыстың ауқымын алдағы жылы кеңейте түсетінін айтса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазы ЕҰУ-ға тегін қабылданатынын жеткізді.
