
Профессор Мұхаммед Икбал Чаудри ЕҰУ студенттеріне дәріс оқыды

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен ұжымына профессор, ғылым докторы, Дүниежүзілік Ғылым академиясының және Пәкістан ғылым академиясының мүшесі, мұсылман әлемі Нобель сыйлығының лауреаты, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің бас үйлестірушісі Мұхаммед Икбал Чаудри «Қараусыз және нейродегенеративті ауруларға арналған табиғатқа негізделген дәрілік заттардың ашу» тақырыбында дәріс оқыды.
Шара барысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов профессор Мұхаммед Икбал Чаудриге «ЕҰУ құрметті профессоры» атағын табыстап, арнайы келіп университет білім алушыларына дәріс оқығандығына өз алғысын жеткізді.
«Біздің студенттер шет елдік студенттермен бірлесіп ғылыми жобамен айналысып жатса, қос диплом бағдарламасымен арнайы елдерге оқуға барып жатса, осындай үлкен ғалым адамдар сіздерге келіп дәріс оқып жатса нұр үстіне нұр болады. Себебі мықты профессорлардан дәріс тыңдау үлкен жетістік. Бізге келіп арнайы біліміңізбен бөлісіп жатқаныңызға қуаныштымын. Алдағы уақытта сізді біздің оқу ордамызда жие күтетін боламыз», - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Профессор Мұхаммед Икбал Чаудри - органикалық химия және табиғи қосылыстар химиясы саласындағы атақты ғалым. Карачи университетінің (Пәкістан) Халықаралық химия және биологиялық ғылымдар орталығының директоры.
«Мен Қазақстанға келген сайын мұндағы жастардың қаншалықты өнімді екендігіне, көреген ойлауына таңданамын. Сонымен қатар олардың білімге құштарлығы мені қатты қуантады. Бүгінгі дәріс сіздерге аса пайдалы болды деп сенемін», - деді профессор.
Ғалымның бұл жолғы сапары арнайы студенттерге негізделді. Айта кетейік, 2023 жылдың шілде айында профессор Мұхамад Икбал Чаудри ЕҰУ-ге іс-сапармен келіп, ректор Ерлан Сыдықовпен кездескен болатын. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
Бүгінгі таңда профессор халықаралық деңгейде ең көп айтылған ғалымдардың бірі болып табылады. Соңғы 5 жылда оның 3000-нан астам дәйексөздері бар және оның мақалаларының жалпы импакт-факторы 825-тен асады.
