
ЕҰУ QS Asia University Rankings 2025 рейтингінде 65-ші орынға ие болды





Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Азияның 2025 – QS Asia University Rankings рейтингінде 65-орынға ие болып, осы рейтингке қатысу тарихындағы ең жақсы нәтижесін көрсетті.
ЕҰУ барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсете отырып, Азияның үздік 100 университетінің қатарында сенімді ілгерілеуін жалғастыруда. Университет бір басылымға сілтемелер саны, халықаралық ғылыми ынтымақтастық индексі, ғылыми дәрежесі бар оқытушылар пайызы және қысқа мерзімді тағылымдамадан оқуға келген студенттердің пайызы бойынша есептелген көрсеткіштердің мәндерін арттыруда. ЕҰУ-дің оқытушы-студенттер арақатынасы (100-ден 94,8 балл), жұмыс берушілер арасындағы беделі (94,8), шетелдік оқытушылар үлесі (93,3) және академиялық беделі (86,5) бойынша жоғары көрсеткіштерін ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар, ЕҰУ бірнеше көрсеткіштер бойынша Азияның үздік 50 университетінің қатарында екенін айтып өткен жөн, оның ішінде шетелдік профессорлық-оқытушылар құрамының пайыздық үлесі (41-орын), профессор-оқытушылар құрамының арақатынасы (42-орын), жұмыс берушілер арасындағы беделі (44-орын) және академиялық беделі (50-орын).
Азиядағы ең үздік университеттер рейтингінің жаңа редакциясына 25 ел мен аумақтан 985 жоғары оқу орны, оның ішінде 35 Қазақстандық жоғары оқу орны кірген. Рейтингтік әдістемеде репутациялық және ғылымиметриялық көрсеткіштер, сонымен қатар түлектердің интернационализациясы мен жетістіктеріне қатысты көрсеткіштер бар.
2024 жылдың 5-7 қараша аралығында ЕҰУ делегациясы биыл өзінің 20 жылдығын атап өтетін QS Higher Education Summit Asia Pacific 2024 жұмысына қатысуда. Жиырма жыл ішінде бұл Саммит мемлекеттік органдар басшыларының, жетекші жоғары оқу орындарының ректорларының, беделді ғалымдар мен зерттеушілер мен халықаралық корпорациялардың басшыларының бас қосатын орнына айналды. Бір күн бұрын Қазақстан 1 қарашада Алматыда өткен Азия-Тынық мұхиты елдері басшыларының саммитін қабылдаушы болды.
ЕҰУ Азия-Тынық мұхиты саммитіне төртінші рет қатысуда, оған дейін университет Тайбэй (Тайвань), Фукуока (Жапония), Сеул (Оңтүстік Корея) саммиттері аясында өткен көрмелерге қатысып, университетіміздің аймақтағы танылуын арттыру және Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Таиланд, Вьетнам, Индонезия университеттерімен ынтымақтастықты нығайту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда.
