
ЕҰУ-да «Жайықтың ақ шағаласымен» кездесу өтті











Астана төріндегі Еуразия ұлттық университетінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтті. Бұл кешті ұйымдастырушы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі.
Ақынның кеші жиналған жыр сүйер қауымға, жастарға ой салды, санасын сұлу сөзбен сілкіндірді. Болмысы биік ақынның дара кейпі мен дархан мінезі залдағы атмосфераны өзгеше күйге бөледі. Студенттер ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, сөзіне жазылған әндерді жырлады. Шәкірттері сізді анамыздай көреміз, сұлу жырларыңызға бүкіл қазақ бас иеді, деп жылы лебізін білдірді.
Зейнолла Қабдолов «Орал десем менің есіме үш қыз түседі, бірі Қыз Жібек, екіншісі Мәншүк, ал үшінші Ақұштап Бақтыгереева» деп Жайықтың жайсаң мінезді ақын қызына өзіндік бағасын беріп кеткені белгілі.
ҚР еңбек сіңірген әншісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізген кездесуге мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен студент-жастар қатысты.
Ол өзін бесікті тербетіп отырып, қым-қуыт үй тіршілігімен қарбалыстарға қарамай өлең жазамын, біздерге, әйелдерге еркектерге қарағанда қалам ұстау екі есе ауыр дейді.
«Мен бүгін сексенге келіп, сахнада сендерге мақтанайын деп тұрғаным жоқ. Биыл бізде су тасқыны болды, Жайық тасыды, халық қажыды. Содан кейін ойладым, бәрі орнына келген соң көре жатармын деп. Құдайға шүкір, бәрі орнына келді, кісі өлімі болған жоқ, үйлерін салып берді, ақшасын қайтарды. Содан кейін Мәдениет және ақпарат министрі «Астанаға келіп кетпейсіз бе?», деп шақырды. Бүгін Астанадағы ұлттық кітапханада «Менің Фаризам» атты кітабымның тұсаукесері өтті, содан шыққан соң жастарға батамды берейін деп осында арнайы бұрылдым. Әлмде қазақтың қыздарынан асқан сұлу жоқ. Бақытты болыңдар, айналайындар!», - деді ақын.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген әнші-өнерпаздар мен «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай қазақ композиторларының шығармаларын орындап, әннен шашу шашты.
