
Қазақстан мен Италия жасыл энергия үшін мамандар дайындайды







Қазақстан мен Италия жасыл энергетика мамандарын бірлесіп дайындамақ. Бұл туралы Еуразия ұлттық университеті, Arm Wind компаниясы және Eni корпоративтік университеті келісіп, ЕҰУ-да «Жасыл энергетика технологиясы» білім беру бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру туралы үш жақты келісімге қол қойды.
ЕҰУ-дың «Жасыл энергетика технологиясы» білім беру бағдарламасының магистранттары мен докторанттары Италия мен Қазақстан сарапшыларының дәрістері мен ғылыми семинарларын тыңдап, жаңартылатын энергия саласындағы шетелдік университеттер мен ғылыми ұйымдарда тағылымдама мен тәжірибеден өтеді.
«Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасы табиғи ресурстарды жауапкершілікпен тұтыну арқылы елдің экологиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Мұны Қазақстан қол қойған СО2-ні қысқарту жөніндегі міндеттемелерді орындауды көздейтін Париж келісімі растайды.
ЕҰУ Білім беру бағдарламаларын құру, «Жасыл экономика», «TREASUREWATER» сияқты ғылыми зерттеулер мен жобаларды жүргізу, Eni Корпоративтік университетімен бірлесіп «Green energy technologies» магистратура бағдарламасын ашу, «Green energy management» жазғы мектебін өткізу арқылы «жасыл энергетика» бойынша білімді қалыптастыруға және таратуға үлес қосады.
Білім беру бағдарламасын Arm Wind және Eni Корпоративтік университетімен бірлесіп жүзеге асыру студенттерге жасыл энергетика саласындағы озық технологиялар мен тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кету керек, Еуразия ұлттық университеті Италия мен Польшаның жоғары оқу орындары және компанияларымен технологияларды дамыту, «Жасыл экономика» үшін мамандар даярлау тәжірибесін тарату бойынша бірқатар жобалар жүргізуде.
Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти 2025 жылға қарай жаңғыртылатын энергия электр станциялары көмір стансаларының орнын басатынын, ал 2030 жылға қарай әлем бойынша электр энергиясының 50 пайызы жаңартылатын энергия көздеріне ауыстырылатынын айтты.
«Қазақстан 2035 жылға қарай 26 гигаватт қуат бөле алады. Декарбонизация қаржылық инвестицияларды, зауыттар мен таланттарды қажет етеді. Бізге 2030 жылға қарай осы дағдыларды меңгеретін қазақстандықтар қажет. Қазақстандағы дарындар Қазақстанға керек», - деді дипломат.
Arm Wind бас директоры Федерико Пуглиезе:
«Біз қоршаған ортаны қорғау саласындағы проблемаларды байқаймыз, сондықтан бұл мәселені шешу үшін бар күш-жігерімізді салу маңызды. Біздің білім беру бағдарламамыз келесі ұрпақты осы саладағы міндеттерді шешу үшін дағдылармен, біліммен және тәжірибемен қамтамасыз ету үшін құрылған. Жаңартылатын энергия стратегиялық маңызды бола бастайды. Осыған байланысты біздің Тараптардың бірлескен білім беру бағдарламасы студенттерді инновациялық технологияларды қолдану арқылы қажетті дағдылармен қамтамасыз етеді», - деп атап өтті.
Іс-шара барысында «Жасыл энергетика технологиясы» бірлескен бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ЕҰУ жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі Самал Садықова, ЭКЮ бас менеджері Сильвия Раппини және профессор Рафаэла Гербони сөз сөйледі.
Айта кетейік, Eni Arm Wind компаниясы Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнату жұмыстарымен айналысады.
Eni Корпоративтік университеті компания қызметкерлерін іріктеу, жалдау және оқытумен қатар, ЖОО және ғылыми орталықтармен тығыз ынтымақтастық байланыс жүргізеді.
