
ЕҰУ-дың алғашқы практикалық курсы Coursera әлемдік платформасында
ЕҰУ Онлайн оқыту департаменті Coursera халықаралық платформасына жүктелген алғашқы практикалық жаппай ашық онлайн курсын ұсынады. «Фольклор: жанр және образ» курсының авторы – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD Гүлназ Сағынадин.
Курс фольклортануды интегративті ғылым ретінде қарастырып, оның жаңашыл концепцияларын ұсынады. Әсіресе, аңыздық проза жанрларын ғылыми тұрғыда терең зерделеу қажеттілігіне, өзектілігіне назар аударылады.
«Курс фольклор әлемін жаңаша бағытта жан-жақты дағдылармен жеңіл әрі қызықты игеруге негізделген. Мұнда ғылыми-теориялық материалды практикалық тұрғыда игеру үшін заманауи, оңтайлы және тиімді инновациялық әдістер ұсынылған. Бағдарламаға соңғы жылдардағы онлайн-кітаптар мен электронды басылымдар кірді. Жалпы, теориялық біліммен қаруланған білім алушының логикалық және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытумен қатар, бастамашылық, өз уақытын ұйымдастыра білу, сыни-объективті түрде өзін-өзі бағалау және оқу үдерісін бағалай білу икем-дағдыларын дамытуға баса назар аудардым. Бұл ретте арнайы «шығармашылық time» әзірленді, - деп атап өтті Гүлназ Сағынадин.
Автордың айтуынша, курстың практикалық бағытына қарамастан, әр мәселеге теориялық негіздеме қоса берілді, ал дәріс материалдары толық көлемде ұсынылды.
Гүлназ Сағынадин онлайн оқыту департаментіне жобаны әзірлеу мен іске асырудың барлық кезеңдерінде қажетті әдістемелік және техникалық қолдау мен сүйемелдеуді қамтамасыз ете отырып, ЖАОК жазуда қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіреді. Курс департамент мамандарының жоғары кәсібилігімен Coursera платформасына сәтті жүктелді.
