
ЕҰУ-да университет басшылығымен 1 курс старосталарының кездесуі өтті







ЕҰУ-да «Старосталар кеңесінің» ұйымдастыруымен 1 курс старосталарының университет басшылығымен кездесуі өтті.
EҰУ-да 2016 жылдан бастап Старосталар кеңесі жұмыс істейді. Старосталар студенттердің үлгерімі, сабаққа қатысуы мен оқу тәртібін қадағалап қана қоймай, сапалы білім алу көрсеткіштерін жақсартуға атсалысады.
Старосталар кеңесінің 8 жылдығына орай 1 курс старосталары университет басшылығымен кездесті. Кездесу барысында студенттерге қажетті оқу үрдісі, студенттік өмір туралы ақпараттар таныстырылды. ENU ректоры Ерлан Сыдықов барша старосталарды мерейлі күнімен құттықтап, старосталардың университет өміріндегі маңызды рөліне тоқталды. Әсіресе, старосталардың оқу процесін ұйымдастырудағы жауапкершілігі мен студенттердің мүдделерін қорғаудағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
1 курс старосталарының съезі барысында университет басшылығы өкілдері дайындаған бірнеше баяндама таныстырылды.
«Старосталар кеңесінің» төрағасы А. Адибай кеңестің негізгі мақсат міндеттеріне тоқталып, 8 жыл ішінде академиялық мәселелер мен оқу үдерісі бойынша жасаған жұмыстарын атап өтті.
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Б. Қашхынбай университеттің оқу үдерісі жайлы баяндамасын таныстырып, университеттегі білім беру үдерісі жайлы студенттер білу қажет негізгі мәліметтермен бөлісті.
Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Ж. Тлепов департаменттің жұмысы, соның ішінде, әлеуметтік жобалар, студенттік бастамалар жайлы толық ақпарат берді.
Ғылым және ғылыми кадрларды аттестаттау басқармасының эксперті С. Кылышпаева білім беру процесімен ғылым департаментінің жұмысы бойынша баяндама қорғады.
Академиялық ұтқырлық секторының эксперті А. Қарабалаева университеттің академиялық ұтқырлығы туралы баяндама оқыды.
Студенттер үйлері дирекциясының директоры А. Жұматаев студенттер үйінде тұру тәртібі мен ережелері туралы баяндамамен таныстырды.
Психологиялық қолдау орталығының бас-маман психологы Ж. Молдахметов орталықтың жұмысы мен психологиялық көмек жайында бөлісті.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай Старосталар кеңесінің жаңа құрамына ENU жұлдызшаларын табыстап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
