
ЕҰУ Қытайдан көрнекті ғалымды шақырды







Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жыл сайын мемлекет және өз бюджеті есебінен кадрлар даярлау процесіне шетелдік мамандарды, жоғары оқу орындарының профессорларын, көрнекті ғалымдар мен зерттеушілерді тарту бойынша бірқатар бағдарламаларды іске асырады. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің ЕҰУ оқу процесіне қатысуы олардың университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және ғалымдарымен ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді.
Осындай бағдарламалардың бірі бойынша Білім жоғары мектебіне бір айға PhD докторы, Қытай Чжэцзян университетінің Білім беру технологиялары мектебінің профессоры Рустам Шадиев келді. Профессор ағымдағы жылдың 11 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында "7М01719-Шетел тілі: екі шетел тілі" білім беру бағдарламасының магистранттарына "Ғылыми – зерттеу жұмысын ұйымдастыру және жоспарлау" дәріс курсын оқиды.
Білім жоғары мектебінің директоры Баубек Сомжүрек Қытайдан келген профессормен кездесу өткізіп, онда әріптестер алдағы айға арналған жұмыс жоспарын және одан әрі академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Профессор Р. Шадиев шетел тілдерінің теориясы мен практикасы кафедрасына үшінші рет келіп, жыл сайын ЕҰУ халықаралық конференцияларының жұмысына белсенді қатысады, "Scopus" ДБ-де профессор-оқытушылар құрамымен бірлескен мақалалар жариялайды. Шақырылған профессор "8D01719 – Шетел тілі: екі шетtk тілі" білім беру бағдарламасы докторанттарының шетелдік кеңесшісі болып табылады, олар шет тілдерін оқыту процесінде виртуалды шындық пен жасанды интеллектті қолдану ерекшеліктерін зерттейді.
Анықтама: Профессор Р. Шадиевтің "Scopus" ДБ – де 168 жарияланымы бар, Хирш индексі-32. 2016 жылдан бастап Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында, 2022 жылдан бастап Қытайдың Чжэцзян университетінде жұмыс істейді. Шетел тілдерінің теориясы мен практикасы кафедрасының оқытушыларымен бірге "Scopus"ДБ-да 10-нан астам мақала жарияланды.
