
Спорт журналистикасының мамандары ЕҰУ журналистика факультетінің студенттері алдында тәжірибелерімен бөлісті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде workshop форматында қазақстандық сарапшылар мен танымал спорт журналистерінің қатысуымен «Спорт журналистикасы» мамандығының телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттеріне арналған екі күндік семинар өтті. Семинарды кафедра меңгерушісі Дана Байғожина ашып, Жігер Әзбергенов жүргізді.
Сонымен, BorodAbata жобасының жүргізушісі Ербол Каиров жас әріптестерімен спорт журналисі болу, спорт блогын жүргізу және осы салада табысқа жету жолдары туралы бөлісті. Спорт журналистикасындағы трендтер, сайт пен подкасттың жұмысы туралы 1bol.kz спорт порталының бас редакторы Серғали Балажан айтып берді.
Жанкүйерді қалай қуантуға, спорттық телеарна үшін эфирлік бағдарлама жасауға және спорттық іс-шараларға құқықты қалай сатып алуға болады? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға студенттер «Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбековтың өзінен жауап алды.
Келесі спикер, мәнерлеп сырғанау комментаторы Лилиана Әлжанова ұсынған «Спорт журналистикасындағы стереотиптер: ер дауысы әлемінде, әйел комментатордың жолы» тақырыбы да қызықты болды.
«Qazsport» комментаторы Ерсін Ерік пен Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі, комментатор Жігер Әзбергенов спорттық тікелей эфирде қазақ тіліндегі түсіндірме терминологиясын қолдану тәжірибесіне тоқталды.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хатшысы Назерке Сұлтанбек спорт ұйымының медиа командасының жұмысы мен имиджді қалыптастыру құралдары туралы әңгімеледі.
Сондай - ақ, «Контент: аудиторияны тарту тәсілдері» тақырыбында Ұлттық футбол құрамының спорт журналисі Мұратбек Биманов (Қазақстан футбол федерациясы), «Жарыстардағы спорт журналисі жұмысының ерекшеліктері» жайлы Қазақстан туризм және спорт министрлігі YouTube каналының жетекшісі Аслан Қаженов, «Спорт фотожурналистикасының қыр-сыры» туралы танымал спорт фотожурналист Тұрар Қазанғапов айтып берді (Tengrinews.kz).
Семинардың қорытындысы ретінде қатысушыларға Ұлттық Олимпиадалық комитетінен сертификат табысталды.
