
ЕҰУ проректоры Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерімен Қырғызстандағы кездесуге қатысты





Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Төлегенқызы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерімен Бішкекте (Қырғызстан) өткен Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің бірінші проректоры – оқу ісі жөніндегі проректор Алайбек Шәмшиев жүргізген кездесуге қатысты.
Қазақстандық делегация құрамында:
Әлібек Мәдібеков – жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы директорының м.а.;
Ләззат Төлегенқызы – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры;
Майнура Бөрібаева – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры;
Әл Фараби Тілеули – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің әдіскері.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстанның жоғары оқу орындары арасындағы ғылым, білім және халықаралық жобалар саласындағы ынтымақтастық перспективалары, «Университет 4.0» тұжырымдамасы аясында байланыстарды нығайту мәселелері, атап айтқанда: бірлескен білім беру бағдарламалары, оның ішінде қос дипломдық бағдарламалар; студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы; бірлескен ғылыми зерттеулер мен басылымдарды ұйымдастыру; «Университет 4.0» моделі шеңберінде оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу; білім беру үдерістерінде цифрлық технологияларды дамыту. Білім беру үдерістерін трансформациялау саласындағы күш-жігерді біріктірудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия жоғары оқу орындарының ғылыми және білім беру әлеуетін дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды әзіррлеу және одан әрі өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
