
ЕҰУ студенттері гендерлік теңдік мәселелері бойынша қалалық кейс-чемпионатта жеңіске жетті





Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері «16 күн белсенді гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл » жаһандық науқаны аясында ұйымдастырылған университеттер арасындағы қалалық кейс-чемпионатта бірінші орынды иеленді. Іс-шара БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Кеңсесінің көмегімен ұйымдастырылды.
Халықаралық қатынастар факультеті мен заң факультетінің студенттері Азиза Аймақова, Наиль Галиев, Жасұлан Аманов, Карина Пронина, Булат Бурханов және Анна Николаева Гүлсім Кенжалинаның жетекшілігімен жасөспірімдер арасындағы кибербуллингке және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күреске арналған кейсті сәтті шешті.
Чемпионат қатысушыларға аналитикалық және креативтік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді және әлеуметтік мәселелерді шешуге жастардың қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ұйымдастырушылар студенттердің бастамашыл жобаларының гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі маңыздылығын және университеттердің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ), соның ішінде гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қорғау салаларын ілгерілетудегі рөлін ерекше атап өтті.
ЕҰУ-де тұрақты даму қағидаттарын білім беру және зерттеу процестеріне интеграциялауға үлкен мән беріледі. Студенттердің кейс-чемпионаттағы жеңісі жастардың жаһандық сын-қатерлерді шешуге дайын екендігін көрсетеді.
