
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенті ENU Күлтегін атағына ие болды

Еуразия ұлттық университетінде «Күлтегін-2024» атты дәстүрлі жыр байқауы өтті. Конкурстық жарыста журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 1 курс студенті Еркежан Сансызбай жеңімпаз атанды. Ол «ENU Күлтегін» атағына ие болды.
2021 жылы бастау алған дәстүрлі шара биыл да өз жалғасын тапты. Биыл жыр байқауы университетіміздің студенттер Альянсының ұйымдастыруымен төртінші мәрте өтті.
13 факультеттен 100-ге жуық студенттердің арасынан іріктеліп шыққан 10 қатысушы сайыстың ақтық кезеңінде бақ сынады. Олар «Күлтегін» жырының Мырзатай Жолдасбек ұсынған нұсқасын жатқа айтудан және сұраққа жауап беру кезеңдері бойынша сынға түсті.
Қазылар алқасына филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов төрағалық етті. Байқау нәтижесі бойынша «ENU Күлтегіні» ЖжӘҒФ 1 курс студенті Еркежан Сансызбай атанып, 100 000 теңгелік ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі II орынды ФФ 2 курс студенті Құндыз Болатбек қанжығалап, 50 000 теңге ақшалай сыйлық алды. Жүлделі ІІІ орынды ММФ 1 курс студенті Дильназ Аяпберген иеленіп, 30 000 теңгелік сыйлықпен марпатталды.
Одан бөлек «Көрермен көзайымы» номинациясымен ФФ 4 курс студенті Алтай Жолдыбай атанып және биыл алғаш рет түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы атындағы арнайы жүлдемен ХҚФ 1 курс студенті Шұғыла Қыдыралы лайықты болып, 20 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
