
ЕҰУ Қазақстан үшін климаттың өзгеруінің сын қатерлерін Германияның ҚР Елшілігімен бірлесіп талқылады











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасындағы Германия Елшілігімен бірлесіп, «Қазақстан үшін климаттың өзгеруінің сын-қатерлері» тақырыбында деректі фильмнің тұсаукесері және панельдік пікірталас өткізді.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов кездесуге қатысушыларды құттықтай келіп, ЕҰУ тұрақты даму бойынша жыл сайынғы рейтингтерге қатысатынын, болжау және тұрақты даму орталығы құрылғанын, университеттің тұрақты даму саясаты қабылданғанын атап өтті. Шетелдік жоғары оқу орындарымен және шетелдік компаниялармен «жасыл экономика» саласында технологияларды дамыту, тәжірибені тарату, мамандарды даярлау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жасыл экономика» және «Treasurewater» жобалары жүзеге асырылып, ғылыми зерттеулер жүргізілуде, Eni корпоративтік университетімен бірлесіп, «Green energy technologies» (Жасыл энергетикалық технологиялар) магистратурасы, «Green energy management» (Жасыл энергия менеджменті) жазғы мектебі жұмыс істейді және т.б.
«Біздің қоғам мен жоғары оқу орындарымыздың алдында әр аймаққа, әр елге әсер ететін жаһандық жылынуға байланысты жаңа сын-қатерлер тұр. Осыған байланысты ресурстарымызды, әлеуетімізді, кадрларымызды және практикалық шешімдерге бағытталған күш-жігерімізді біріктіру қажеттілігі туындады.
Бүгінгі таңда біздің әріптестеріміздің арасында өз ғылыми салалары тұрғысынан осы тақырыппен айналысатын сарапшылар, мамандар - экологтар, экономистер, қаржыгерлер, заңгерлер бар. Бүгінгі талқылаулар қызықты әрі тиімді болатынына сенімдімін», - деп түйіндеді сөзін Е. Сыдықов.
Германияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Моника Иверсен климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі жалпы күш-жігер мен төмен көміртекті даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы, ағымдағы жаһандық экологиялық күн тәртібі, сондай-ақ Германияның қоршаған ортаны қорғау мәселелеріндегі тәжірибесі және Қазақстан мен Германия арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Панельдік сессияда Қарағанды экологиялық мұражайының директоры Дмитрий Калмыков «Климаттың өзгеруі жағдайында: Қарағанды облысының көрінісі», Астанадағы сутегі дипломатиясы өкілдігінің басшысы Мануэль Андрес «Декарбонизация дипломатиясы - Қазақстандағы жасыл сутектің рөлі және Германияның декарбонизация жөніндегі күш-жігері», Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Шыңғыс Зипатулла «Қазақстандағы климаттың өзгеруінің салдары» және Оулу университетінің (Финляндия) аспиранты Азиза Баубекованың «Климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсері» тақырыбында баяндамалары тыңдалды.
