
ЕҰУ-да профессор Ержан Исақұлов аударған Рашид-ад-диннің «Жамиг-ат-тауарих» және Рузбиханның «Мехман нама-и Бухара» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті

Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, саясат ғылымдарының докторы, профессор Ержан Исақұлов аударған Рашид-ад-диннің «Жамиг-ат-тауарих» (2 том) және Рузбиханның «Мехман нама-и Бухара» атты кітаптарының тұсаукесері оқырмандарды қуанышқа бөледі.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, белгілі ғалымдар қатысты.
Шараны Басқарма төрағасы - ректор, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ашып, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаhин Маджид оглы Мустафаев құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы, екі кітапты да парсы тілінен қазақ тіліне аударған ғалым Оразбай Зәріпбай, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор, Шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық орталықтың директоры Меруерт Әбусейтова, Мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім өз ой-пікірлерін ортаға салды.
«Әлемге әйгілі Рашид-ад-диннің «Жамиг-ат-тауарих» атты бұл еңбегі Шыңғысханның дәуірі туралы шынайы мәлімет беруімен құнды. Оның қазақ және орыс тіліне толық аударылуы ежелгі тарихымыз туралы дерекқорды байытып, шығыстану саласын жаңа белеске көтереді. Әріптес ғалымдарға алғыс айтамын», - деп ықыласын білдірді ректор.
Бұдан 700 жүз жыл бұрын парсы тілінде жазылған Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарихында» («Тарихтар жинағында») түркі халықтарының шығу тегі мен оның мұғұл деген тармағынан шыққан Шыңғыс ханның ата-бабаларының, өзінің және оның төрт ұлының өмірбаяндары мен сол дәуірдегі әлем халықтарының, мемлекеттердің шынайы тарихы баяндалған.
Аталған кітаптың Иранда сақталған парсы тіліндегі түпнұсқасының көшірмесін саясат ғылымдарының докторы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Ержан Исақұлов 2009 жылы Ираннан Астанаға алып келіп, оны М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Оразбай бірнеше жыл бойы парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударған болатын. Ол кітаптың тұсаукесері 2018 жылы 30 қараша айында өткен еді.Енді сол кітапты Ержан Исақұлов 2024 жылы қазақ тілінен орыс тіліне аударып шықты.
«Көптеген оқырмандар маған ол кітапты орыс тіліне аудару туралы өздерінің өтініштерін білдірген болатын. Сондықтан, мен кейінгі төрт жыл бойы оны қазақшадан орысшаға аудардым.
Міне бүгін орыс тіліне аударылған осы кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Бұл еңбектің қазақша аудармадан бір ерекшелігі онда біздің кейінгі 7 жыл бойы жүргізген ізденістеріміздің, зерттеулеріміз бен пайымдауларымыздың нәтижелері мен Шыңғыс ханның түркілердің мұғұл деп аталған тайпасынан шыққандығы, оның ата-бабаларының, өзінің және оның төрт даңқты ұлдарының қазіргі қазақ жеріндегі туып-өскен мекендері, олардың ордалары мен жұрттарының тұрақтары туралы көне карталардан және кітаптардан алынған бұлтартпас деректер мен оларға қатысты авторлық комментарийлер келтірілген», - деп атап өтті профессор Ержан Исақұлов.
Кітап Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген, 2 томнан тұрады.
Кітаптың бас редакторы Зәріпбай Оразбай, ал редакция алқасының құрамында: Мырзатай Жолдасбеков, Меруерт Қуатқызы Абусейітова, Ғарифолла Есім, Серік Негимов, Сауытбек Абдрахманов, Уалихан Қалижан, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтан Ақымбеков және Қадыралы Қоңқабаев сынды белгілі ғалымдар бар.
Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың пікірінше совет тарихшылары кезінде түрік халықтары мен оның мұғұл тармағынан шыққан Шыңғыс ханның тарихын өрескел бұрмалап, оны «моңғолға» айландырып, оның ата-бабасы мен өзінің туып-өскен мекенін қазіргі Моңғолия жерінің солтүстік-шығысындағы Хентей тауына апарып тастаған. Сонымен қатар, тайпалардың, жер-сулардың, өзен мен көлдердің атаулары мен адамдардың аттарын да өзгерткен.
Ал шындығында Шыңғыс ханның бірнеше рулардың көсемі болған Бөрте шина деген он алтыншы бабасы Шарын шатқалынан (Ергене қоннан) шыққан рулармен бірге, VII ғасырда қазіргі Шығыс Қазақстан жеріндегі Бурхан Қалдун деген таудың етегіндегі Бухтарма (Унан), Курчум (Тугла) және Қара Ертіс (Килуран) өзендерінің бойына қоныс аударған.
Шыңғыс ханың хандық құрған ата-бабаларының мекендері қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарайтын Қатон-Қарағай ауданындағы «Патшалар шатқалы» деп аталатын Берел қорғандарының маңына болған.
Шыңғыс хан Бухтарма өзенінің төменгі ағысындағы жерде өмірге келген. Оның Қарақұрым деп аталған ордасы қазіргі Үлкен Нарын деп аталатын өзеннің Ертіске құятын жерінде болған. (Кейіннен ол жерде Үгетай қаған Қарақұрым деген қала салдырған).
Шынғыс хан өзінің көзі тірісінде бүкіл әскерлерін, жаулап алған жерлері мен елдерін өзінің төрт баласы мен ең жақын адамдарына бөліп берген.
Бүгін тұсауы кесілген екінші «Мехман нама-и Бұхара» («Бұхара қонағының жазбалары») деген кітапты Жошы ханның тұқымынан өрбіген Әбілхайыр ханның немересі, Қасым ханның туған бөлесі‒ Түркістан мемлекеті мен Мәуреннахрдың соңғы билеушісі Мұхаммед Шайбани ханның кеңесшісі, рухани пікірлесі, кесек іс-қимылдарының куәгері болған парсы тарихшысы Рузбихан Исфахани жазған.
Аталған туынды – деректік әрі айғақтық мәні өте зор, баға жетпес құнды еңбек. Өйткені онда Түркістан мемлекеті мен оның халқының бұдан бес ғасыр бұрынғы тарихы мен табиғаты жан-жақты баяндалады.
Кітапта, XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI бас кезіндегі қазақ деген халықтың шығу тарихы, әлеуметтік құрылымы, дүниетанымы, діни сенімдері, географиялық – аумақтық ерекшелігі, жаратылыс құндылықтарын сақтап қорғауы, әскери қорғаныс әлеуеті, хандық–билік мәселесі, Қазақ Ордасының Астрахан хандығы мен Өзбек ұлысымен қарым-қатынасы, сауда-экономикалық байланыстары, сол кездердегі ислам мәдениеті мен философиясы жайында ұшан - теңіз тарихи мәліметтер, деректемелік айғақтар жетік, жатық, толық баяндалған.
Рузбихан еңбегінің ең құнды тұсы Орталық Азиядағы халықтардың этностық тарихы мен әлеуметтік құрылымын айқындауға көп көмектеседі. Мәселен, сол заманда өзбек-қазақ ұғымының этностық айырмашылығы білінбейтіндігі де автордың еңбегінде көрініс тапқан. Әйткенмен Қазақ хандығын билеуші Бұрындық ханның иелігі Дешті Қыпшақ, кейде Дешті атауымен, ал Мұхаммед Шайбани билеген ұлыс мекені Мәуреннахр екені айқын жазылған.
«Мехман нама-и Бұхараның» басты кейіпкері – Шайбани хан (1451-1510). Оның азан шақырылып қойылған аты Мухаммед Шаhибек.Ол Жошы ханның бесінші ұлы Шайбанның (Шибанның) тікелей ұрпағы.Оның әкесі Шаh Бұдағ сұлтан - Әбілқайыр ханның ұлы. Әбілқайыр Дешті Қыпшақтың ханы болған. Оның қол астындағы халық ол кезде өзбек деген атаумен танымал болған (Өзбек хан Жошының төртінші ұрпағы, 1280-1341 жылдары өмір сүрген, Дешті Қыпшақтың ханы болған.Өзбек деген атау оның кезінен қалған).
Кітап авторының айтуынша, Шайбани хан еліміздің тарихында айрықша із қалдырған, алайда әлі күнге лайық бағасын алмаған тегеуірінді тұлғалардың бірі.
