
ЕҰУ-да «Үш бәйтерек» апталығы аясында «Сәкен» фильм-кон¬церті көрсетілді
ЕҰУ-да «Үш бәйтерек» апталығы аясында әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүністің «Сәкен» фильм-концерті көрсетілді. ЕҰУ-дың Прездидент залында өткен драматургтың бұл туындысы өнер шаңырақтары әртістерінің қатысуымен, ел азаматтарының демеушілігінің арқасында түсіріліпті.
Фильм-концертті мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және профессор-оқытушылар мен студент-жастар тамашалады.
Автордың айтуынша, тұңғыш фильм-концерт тізбегі Сәкен әндерімен көмкеріліп, қайраткер өміріне қатысты маңызды ақпараттармен әдіптелген.
«Фильм-концертте деректі және көркем киноның элементтері бар. С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік» әндерімен қоса, бұған дейін тек ақын түлеп-ұшқан топырақта ғана шырқалып келген әндер айтылады. Сонымен қатар Сәкеннің жас кезіндегі ролін менің балам Біржан Жүніс ойнады», -деді автор.
Фильм-концертте жалғыз Сәкен емес, мұнда Ілияс пен Бейімбеттің образдары сомдалып, үш арыстың тұлғасы жарасымды көрініс тапқан.
Фильм-концерт аяқталған соң филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сөз алып, өз әсерімен бөлісті және ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов әкелі-балалы актерлерге университет жастары атынан естелік- сый табыс етті.
Соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
