
ЕҰУ-де Дүниежүзілік араб тілі күні аталып өтті







2024 жылдың 6 желтоқсанында Халықаралық қатынастар факультетіндегі Шығыстану кафедрасы Араб тілі клубы 2012 жылы ЮНЕСКО бекіткен және жыл сайын 18 желтоқсанда атап өтілетін Дүниежүзілік араб тілі күніне орай ісшара ұйымдастырды.
Биыл құрметті қонақ ретінде ҚМДБ жанындағы Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы Ислам институтының директоры, PhD докторы Бағдат Манабаев мен қазіргі уақытта Қазақстан тарапының шақыруымен осы институтта жұмыс істейтін мысырлық доктор Сабри Мухаммад Абдулазим шақырылды.
ЕҰУ атынан ісшараға Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Қосыбаев пен шығыстану кафедрасының меңгерушісі Гүльнара Биримкулова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бағдат Манабаев құттықтау сөзінде араб тілінің ислам өркениеті тарихындағы және қазіргі кезеңдегі маңызына тоқталды.
Мереке аясында мысырлық профессор шығыстану кафедрасының араб бөлімі оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқып, араб тілінің ерекшеліктеріне, араб тілді елдер мен ол тілде сөйлемейтін халықтар арасындағы орнын атап көрсетті. Сондай-ақ доктор Сабри Мухаммад Абдулазим Қазақстандағы жұмыс тәжірибесімен және араб тілін оқытуда қолданылатын заманауи әдістермен бөлісті. Осылайша студенттер мен магистранттар араб тілді профессордың дәрісін тыңдауға тағы бір мүмкіндік алды.
Шара соңында халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Қосыбаев мысырлық қонаққа Алғыс хат, ал ал кафедра профессоры м.а. Самал Тулеубаева араб тілі бөлімінің атынан доктор Сабри Мухаммад Абдулазимге арнайы келгені үшін алғыс айтып, естелік сыйлық табыс етті.
