
ЕҰУ ғалымдары Ковентри университетінде (Ұлыбритания)қазақ тілінің академиялық корпусын дамыту жобасын ұсынды

«Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» ғылыми-зерттеу жобасының мүшелері Ұлыбританияның Ковентри университетіне іссапармен барды.
Іссапардың мақсаты Британдық академиялық жазбаша ағылшын тілінің корпусын (BAWE) әзірлеумен айналысқан ғалымдармен кездесу және академиялық тілдік корпусты әзірлеудің тәжірибесімен танысу болды.
Ковентри университетіне іссапармен ғылыми жоба жетекшісі - Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Гүлнәр Сәрсеке және информатика кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.д. Еркін Омарбеков барды.
Кездесу барысында ғылыми жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсеке «Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: Академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» ғылыми жобасын таныстырды. Жобаның негізгі идеясы – қазақ тілінің академиялық мәтіндердегі ғылыми және қолданыстық әлеуеті мен мүмкіндіктерін анықтау, академиялық қазақ тілі ұғымын орнықтыру, қазақ тілінде академиялық мәтін лексикасын іріктеу және қазақ тілінде академиялық сөздер тізімін әзірлеу екендігі туралы баяндап берді.
Жұмыс сапары аясында Гүлнәр Сәрсеке және Еркін Омарбеков Ковентри университетінің ғалымдары Хилари Неси (PhD, Өнер, есте сақтау және қоғамдастық ғылыми-зерттеу орталығының ағылшын тілінің профессоры), Шиан Олсоп (PhD, доцент, Ғаламдық оқыту орталығының ғылыми қызметкері) және Бенет Винсенттермен (PhD, Өнер және гуманитарлық ғылымдар факультеті Қолданбалы ғылымдар кафедрасының доценті) кездесті.
Британдық академиялық жазба ағылшын корпусын (BAWE) құру жобасының жетекшісі профессор Хилари Неси ағылшын тілін академиялық мақсатта қолдануға, сөздіктер, анықтамалық материалдар, корпус әзірлеуге және қолдануға қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Британдық академиялық жазба ағылшын тілі корпусы «Британдық жоғары білім берудегі жазбаша жұмыс жанрларын зерттеу» жобасы аясында жасалған. Корпуста барлығы 6.9 миллион сөз қамтылған. Кездесуде осы корпусты жасаған ғалымдар өз жұмыстарын қалай жүргізгендігі туралы баяндап, корпус жасаудағы тәжірибелерімен бөлісті. Хилари Неси Британдық академиялық ауызша ағылшын тілінің корпусы (BASE) (2001-2005) және Британдық академиялық жазбаша ағылшын тілінің корпусы (BAWE) (2004-2007) жобаларының жетекшісі және негізгі зерттеушісі болды. Шиан Олсоп бірқатар жобаларда, соның ішінде Британдық академиялық жазбаша ағылшын тілінің корпусы (BAWE) жобасында зерттеуші болып жұмыс істеді. Бенет Винсент BAWE Quicklinks сайтының командасының мүшесі болды. Бұл сайт Британдық академиялық жазбаша ағылшын тілінен (BAWE) конкорданстарды шығару жобасының негізгі бөлігі болды. Сонымен қатар жоба мүшелері академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу барысында жасалатын жұмыстар мен күтілетін нәтижелер туралы пікір алмасты.
Шетелдік әріптестерімізге нәтижелі кездесу және жинақталған тәжірибе үшін алғысымызды білдіреміз.
