
«Болашақ дипломаттарды даярлаудың өзекті мәселелері: дәстүрлі және инновациялық тәсілдер синергиясы» II халықаралық қатынастар мамандарының форумы
2024 жылдың 19 желтоқсанында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Болашақ дипломаттарды даярлаудың өзекті мәселелері: дәстүрлі және инновациялық тәсілдер синергиясы» II халықаралық қатынастар мамандарының форумы өтті.
Форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан халықаралық қатынастар мамандарының форумын жыл сайын өткізу бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Форумның мақсаты Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты мен дипломатиялық тәжірибесінің негізгі аспектілерін, халықаралық саясаттағы елдің стратегиялық рөлін, сондай-ақ қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастарды дамыту перспективаларын талқылау және сындарлы ой елегінен өткізу болды.
Форум барысында халықаралық қатынастар, аймақтану, шығыстану, түркітану, саясаттану салаларындағы танымал сарапшылардың, халықаралық ұйымдар мен сыртқы саяси ведомстволар өкілдерінің, ғылыми институттар мен орталықтар зерттеушілерінің, сондай-ақ жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының баяндамалары тыңдалды. Форумда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Сүлейменов Төлеутай Сқақұлы, «Отандастар қорының» басқарушы директоры Ержан Мұқаш, Гавр университетінің профессоры Пьер Шабаль (Франция), АӨСШК хатшылығының өкілі Әміржанова Салтанат, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің меңгерушісі Құрмашев Айдар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Кукеева Фатима Тұрарқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің аға оқытушысы Парпиев Сырым Маратұлы, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бейсенбаев Олжас, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Есдәулетова Ардақ Мэлсқызы баяндама жасады.
Форум аясында келесі өзекті мәселелер талқыланды: қазіргі халықаралық қатынастар трендтері және олардың Қазақстанның сыртқы саясатына әсері; Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы дипломатиялық бастамалары мен рөлі; Қазақстанның Орталық Азияда халықаралық қақтығыстарды шешуде және бейбітшілік сақтаудағы делдал ретіндегі рөлі; сыртқы саясаттағы экономикалық, экологиялық және цифрлық дипломатия сияқты жаңа бағыттарды дамыту.
Сонымен қатар, «Халықаралық қатынастар», «Аймақтану», «Саясаттану», «Түркітану», «Шығыстану» бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіру және әлемдік білім беру нарығында отандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігі атап өтілді.
Қазақстанның халықаралық қатынастар мамандарының форумын өткізу кәсіби дипломаттар, халықаралық қатынастар, дипломатия және сыртқы саясат саласындағы сарапшылар, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық кадрлары арасында ынтымақтастықты дамыту үшін бірегей алаң құру мүмкіндігі екендігін атап өткен жөн.
