
«BI Group» құрылыс холдингі ЕҰУ Эндаумент қорына 100 млн теңге аударды







«BI Group» құрылыс холдингі ЕҰУ-дың Эндаумент қорына 100 миллион теңге аударды. Ректорға қомақты сомаға сертификатты Еуразия ұлттық университетінің түлектері, «BI Group» холдингінің басшылығы Айдын Рахымбаев пен Бауыржан Исабаев табыс етті. Іс-шара Целиноград инженерлік-құрылыс институтының құрылғанына 60 жыл толуына арналған «Қазақстандағы инженерлік-құрылыстық білімнің бастаулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өтті.
«Бұл біздің шағын үлесіміз. Әрине, мұнымен шектелмейміз. Біз сәулет-құрылыс факультетін бірге дамытуға дайынбыз. Біз түлектердің инженерлік-құрылыстық құрамды күшейту керек деген пікірімен келісеміз», - деп атап өтті Айдын Рахымбаев.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов таяу уақытта Қазақстанда эндаумент қорлары туралы заң қабылданатынын айтты.
«Осы 100 миллионды Эндаумент қорына аударып, сәулет-құрылыс факультетінің студенттері үшін «BI Group» компаниясының ЦИСИ ғылыми гранты мен стипендиялық бағдарламасын құру ұсынылады. Болашақ ғалымдар мен мамандарды ынталандыру үшін арнайы бағдарлама, арнайы стипендия болады», - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, «BI Group» холдингінің құрылтайшылары Айдын Рахымбаев, Бауыржан Исабаев, Нұрдәулет Әкімжанов, Асхат Омаров ЦИСИ-да бір топта оқып, жатақханада бірге тұрған.
