
Химия пәні бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі















2025 жылдың 6-7 қаңтарында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы елорданың дарынды оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңін химия пәні бойынша өткізді. Бұл маңызды іс-шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында ұйымдастырылды.
Айта кетсек, «Астана дарыны» орталығы мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ынтымақтастық туралы меморандумы аясында 2024 жылы да химия пәнінен олимпиадалар өткізілген.
Биылғы жылы ынтымақтастық жоғары деңгейде жалғасты. Олимпиадаға қала мектептерінің 9, 10 және 11-сыныптарынан 130 оқушы қатысты. Қатысушылар өздерінің химия саласындағы білімдері мен дағдыларын теориялық және тәжірибелік турларда сынақтан өткізді.
Теориялық турда оқушылар химия ғылымының негізгі қағидаларын терең түсінетінін және оларды қолдана алатынын тексерді. Бұл кезеңде оқушылар органикалық және бейорганикалық химия, аналитикалық химия, термодинамика, кинетика және химиялық байланыстар тақырыптарында күрделі тапсырмаларды орындады. Теориялық бөлім олардың логикалық ойлау дағдыларын жетілдіруге және ғылыми біліктіліктерін жүйелеуге мүмкіндік берді.
Тәжірибелік тур оқушылардың химия саласындағы дағдыларын тексеруге бағытталды. Бұл турда қатысушылар химиялық заттарды сапалық және сандық анықтауды, зертханалық жұмыстарды дәлдікпен орындауды үйренді. Олардың арасында титрлеу әдісі арқылы ерітінділердің концентрациясын анықтау да тапсырмалардың бір бөлігі болды. Әрбір оқушы реакция нәтижелерін мұқият талдап, алынған мәліметтерді ғылыми тұрғыда дәлелдеді.
Олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасының оқытушылары мен оқу-көмекші персоналы үлкен үлес қосты. Олар тәжірибелік турдың тапсырмаларын дайындап, оқушыларға зертханалық жұмыстарды орындау кезінде бақылап, ұйымдастыру шараларын қамтамасыз етті.
Бұл олимпиада оқушылардың теория мен практиканы ұштастыру қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Жеңімпаздар республикалық кезеңде Астана қаласының намысын қорғайтын болады. Олимпиада жас химиктердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, ғылымға деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталды.
Біз іс-шараға үлес қосқан барлық қатысушылар мен мамандарға алғысымызды білдіреміз және жеңімпаздарға табыс тілейміз!
