
Жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалай арттыруға болады?

Еуразия ұлттық университетінде «Жастар арасында құқықтық сауаттылықты аттыру: лудомания, дін, есірткі және алаяқтық» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Профессор-оқытушылар, сала қызметкерлерімен өткен кездесу барысында мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, құқықтық сауаттылық туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.
Шараға ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Төлегенқызы, Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқали, Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Назерке Бейсенова, Алматы аудандық полициясының учаскелік инспекторы, капитан Диас Төреқұлов, Еуразия ұлттық университеті, «Дінтану» кафедрасының доценті Тышхан Кеңшілік қатысты.
Проректор Ләзат Төлегенқызы шараның мақсатына тоқталды.
«Мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу қоғамның басты талабы. Құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны жөн. Ал ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады. Іс-шараның негізгі мақсаты да сол – құқықтық кеңес беру, құқықтық сауаттылықты арттыру және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын түсіндіру», - деп атап өтті проректор.
Мамандардың айтуынша, құқықтық тәрбие – студент-жастар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, білім алушыларды діни сауаттылық тұрғыда ең қажетті заңды біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді.
«Жастарға құқықтық түсіндірме жүргізбегендіктен көбіне тағдыр тәлкегіне ұшырап, тығырыққа тірелетін кездері де жоқ емес. Сондықтан жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру үшін міндеттемелерімен бірге жауапкершілігі барын және өздерін қорғауды үйретуіміз, түсіндіруіміз керек. Бұл, әрине, үлкен әрі ауқымды жұмыс», - дейді Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқали.
Семинарда заңның негізгі принциптерімен қатар, құқықтық тәрбиенің психологиялық тұрғыда тиімді жүргізілуі де сөз болып, келелі кеңестер берілді.
«Жастарымыз заңның негізгі принциптерін біліп қоймай, оны меңгере білуі қажет. Сонда ғана құқықтық тәрбие психологиялық тұрғыдан тиімді жүргізіледі. Ал құқықтық білім әр адамға қойылатын талаптарды, ережелерді меңгеру, оның мәнін түсіну негізінде азаматтық міндеттерді білу жастарға өзге адамдардың қателіктері мен кемшіліктерін көруге және де өзінің мұндай қателіктерді қайталамауына көмектеседі», - дейді Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Назерке Бейсенова.
Кездесу барысында құқықтық мәселелер, лудомания, дін, есірткі және алаяқтық тақырыбында толықтай кеңестер беріліп, толғандырып жүрген сауалдарға нақты жауаптар алынды.
«Қазіргі таңда жастар өз құқықтарын толық әрі жетік біледі деп айта алмаймын. Соңғы кездері оны пайдалана да алмайтынын байқадық. Бізде кейбір жастармен кездесу барысында құқықты түсіндіргенде ғана өздеріне жаңалық ашқандай таңғалып жатады. Текетірестен кейін немесе басына іс түсіп, құқығы бұзылғанын біліп, заңдық сауаты сосын артқан жастарды да көрдім. Көбіне заңды басты құрал ретінде пайдалана алмағандықтан бізден көмек сұрап жатады. Әсіресе жастардың құқықтары мен бостандықтарын бұзудан қорғауымыз керек. Себебі жастарда еліктеушілік бар, яғни алдау, арбау, арандатушылыққа қызықтыру оңай. Сол себепті кейде білместікпен құқығы тапталып, жеке өмірі шектеліп, бас бостандығынан айырылып жатады. Егер құқық бұзушылық немесе есірткі, алаяқтық фактілерін байқасаңыз, бізге, құқық қорғау орындарына хабарлауларыңызды сұраймын», – деді Алматы аудандық полициясының учаскелік инспекторы, капитан Диас Төреқұлов.
