
ЕҰУ мен Цинхуа университеті экология мен мәдени алмасу жолында











Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) Қытайдың Цинхуа университеті делегациясымен кездесу өтті. Іс-шара «Жасыл Жібек Жолы» әлеуметтік-тәжірибелік жобасына арналды. Жиын барысында тұрақты даму мен елдер арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығын айшықтайтын презентация ұсынылды.
ЕҰУ омбудсмені Нэля Шапекова университетте «Жасыл мектеп - жасыл колледж - жасыл университет» моделін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрақты даму саясаты шеңберінде экологияны сақтауға және табиғатпен үйлесімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Кездесу барысында экологиялық ағарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы эко-амбассадор Юрий Гашек студенттерге «Жерге Саябақ Сыйла» атты интерактивті презентациясын ұсынды. Ол жерімізді анамыздай қамқорлық пен сүйіспеншілікке лайық деп атап, оған күтім жасауға шақырды. Болашаққа бірлік пен қамқорлықтың белгісі ретінде іс-шараға қатысушылар тұқымдар отырғызды. Бұл тұқымдар мамыр айында университет аумағында отырғызылып, біздің ортақ жасыл және тұрақты болашаққа ұмтылысымыздың символына айналады.
ЕҰУ-да форсайт және тұрақты даму орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық экологияны жақсартуға және тұрақты шешімдерді дамытуға бағытталған жобалар мен идеяларды жүзеге асырады. Егер сізде жалпы игілікке үлес қоса алатын ұсыныстар немесе бастамалар болса, бізге хабарласуыңызды күтеміз. Біз әрдайым ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздің экологиялық және әлеуметтік бағыттағы жобаларыңызды жүзеге асыруға көмектесуге дайынбыз.
