
ЕҰУ-да 2025-2029 жылдарға арналған Цифрлық трансформация бағдарламасы таныстырылды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің факультеттері мен кафедраларының өкілдеріне 2025-2029 жылдарға арналған Цифрлық трансформация бағдарламасын ұсынды. Аталған іс-шара – университеттің білім беру ортасын модернизациялау және цифрлық технологиялар арқылы басқару тиімділігін арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттарындағы маңызды қадам.
ЕҰУ мамандарынан құралған команда әзірлеген Цифрлық трансформация бағдарламасы университет қызметінің барлық аспектілері бойынша заманауи цифрлық құралдар мен технологияларды біріктіруге бағытталған. Бағдарламаның негізгі мақсаты жоғары сапалы білім беруді, тиімді басқаруды және инновациялық ғылыми-зерттеу қызметін дамытуды қамтамасыз ететін озық цифрлық экожүйені құру.
Презентацияда Бағдарлама аясындағы негізгі жобалар, соның ішінде Student Journey Map, ENU.Project Hub, Онлайн оқыту, IT-инфрақұрылымын дамыту және т.б. таныстырылды.
Цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова атап өтті: «Цифрлық трансформация – бұл жаңа технологияларды енгізу ғана емес, бұл, ең алдымен, оқыту, басқару және ғылыми-зерттеу қызметіне деген көзқарастардың өзгеруі. Біз озық технологиялар білім беру сапасын арттыру және жаңа ғылыми биіктерге жету құралы ретінде қызмет ететін болашақ университетін құруға ұмтыламыз».
Цифрлық трансформация бағдарламасын іске асыру ЕҰУ-да білім беру қызметтерінің сапасы мен басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар цифрландыру саласындағы Қазақстанның басқа университеттері үшін үлгі болады деп күтілуде.
