
ЕҰУ-да «Цифрлық Қазақстан: адами капиталдың сапасы: қиындықтар, проблемалар, табыс факторлары» атты форсайт сессия өтті
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Цифрлық Қазақстан: адами капиталдың сапасы: қиындықтар, проблемалар, табыс факторлары» атты форсайт сессия өтті.
Форсайт сессияны ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бүгінгі сессияның нәтижелері Қазақстанның цифрлық болашағын құру жолындағы тағы бір қадам екенін атап өтті.
«Адами капитал – болашақтың іргетасы екенін бәріміз түсінеміз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы цифрландыру жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға бағытталған. Бұл жерде мемлекет, бизнес және университеттер арасындағы ортақ өзара іс-қимылымыз өте маңызды.
Кеше үнділік әріптестермен ғылыми семинар өткіздік. Маңызды нәтиже CDAC қатысуымен кванттық зертхана құру, сондай-ақ Ақкөлдегі «Қазақтелеком» базасында PARAM-BILIM-2 суперкомпьютерін орнату туралы келісім болды. Біздің мамандарды дайындау келесі аптада басталады. Бұл қадамдар біздің жоғары технологиялық болашаққа бағытталған қозғалысымыздың айқын мысалы болып табылады.
Университетіміздегі ақпараттық технологиялар факультеті төрт мыңнан астам студенттер, магистранттар мен докторанттар оқитын ең ірі факультет. Біздің білім беру бағдарламаларымыз республика бойынша үздік үштікке кіреді. Бірақ біз цифрлық технологиялардың қарқынды дамып жатқанын түсінеміз және сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, бағдарламаларды үнемі жаңартып отыру біз үшін маңызды», - деп атап өтті ректор.
Басқосу барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі бес мекеме-ұйымдармен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Атап айтқанда, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ «Қазпошта» АҚ, Қазақстан Республикасы ҒЖБМ «Ұлттық тестілеу» ШЖҚ РМК, «Қазақстандық АТ-менеджерлер қауымдастығы» ҚБ, «ИнфоСофтПром» ЖШС (1С Казахстан) арасындағы өзара түсіністік туралы және «Platоnus» ЖШС арасындағы «Компьютерлік және программалық инженерия» кафедрасының филиалын құру туралы меморандумға қол қойды.
«Біз компаниямыздың базасында Ақпараттық жүйелер кафедрасының филиалы ашылып жатқанын зор қуанышпен хабарлаймыз. Бұл біздің алғашқы жобамыз емес, себебі біз еліміздің басқа да университеттерімен табысты ынтымақтастық орнатып келеміз.
Аталған жобалардың студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға, ақпараттық жүйелер саласындағы білімін тереңдетуге оң ықпалын тигізетініне сенімдіміз.
Еуразиялық ұлттық университеті біз үшін ерекше маңызға ие, себебі Platоnus жүйесінің негізін қалаушылар – осы университеттің түлектері. Бүгінде компания қызметкерлерінің шамамен 30%-ы дәл осы кафедраның түлектері болып табылады және олар жобалардың табысты іске асуына айтарлықтай үлес қосып келеді», - деді «Platоnus» ЖШС бас директоры Айдар Испусинов.
«Қазпошта» АҚ басқарушы директоры Ержан Қазанбаев өздерінің қызметінде заманауи инновациялық шешімдерді ұсынуға ерекше назар аударылып, бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатқанын және болашақта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін тілге тиек етті.
«Біздің басымдықтарымыздың бірі – логистика саласындағы инновациялық шешімдерді зерттеу және дамыту. Осыған байланысты біз сіздермен тығыз әріптестік орнатуға дайынбыз. Сонымен бірге, білікті кадрлардың рөлі де ерекше маңызды екенін атап өткіміз келеді. Қазіргі заманғы логистиканың тиімділігін арттыру, клиенттерге тапсырыстарды барынша жылдам әрі ыңғайлы жеткізу – біз үшін басымдыққа ие бағыттар. Біз сіздермен ынтымақтастық орнату арқылы инновациялық бағдарламалардың санын арттырып, болашақ түлектерді жұмысқа қабылдауға және бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз деп сенім білдіреміз», - деп атап өтті Ержан Қазанбаев.
ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмаран Сейілов ақпараттық және кванттық технологиялардың маңыздылығын атап өтті.
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ спикерлері Ақкөл қаласында кванттық технологияларды зерттейтін ғылыми орталық құрудың маңыздылығын қолдады.
Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ үшін салалық біліктілік шеңберін және пошта байланысының кәсіби стандарттарын әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар 9 наурызда Ақкөл қаласындағы «Қазақтелеком» АҚ-да жаңартылған PARAM BILIM II суперкомпьютерінің алдағы іске қосылуын құптады.
Университетке инновациялық технологияларды әзірлеу мен енгізуді жеделдету үшін белгілі бір компанияның қажеттіліктері үшін арнайы мамандандырылған SLL әзірлеу ұсынылды», - деп атап өтті декан.
Форсайт сессия ЕҰУ Академиядлық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбайдың модераторлығымен жалғасты.
