
"Effective Teaching Methodologies in Foreign Languages Classrooms" тақырыбындағы кезекті ғылыми-әдістемелік семинар

2025 жылдың 24 қаңтар күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің шетел тілдері кафедрасында "Effective Teaching Methodologies in Foreign Languages Classrooms" тақырыбында кезекті ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинар аясында Түркияның Карабүк университетінің профессоры Асим Айдын қатысып, өз университеті мен Батыс тілдері мен әдебиеті кафедрасын таныстырды. Ол кафедра оқытушыларының қызметін баяндап, кафедра мүшелерін Түркияда Scopus, Web of Science, PubMed, Google Scholar, EBSCO (Elton B. Stephens Company), MLA (Modern Language Association), ASOS (The Journal of Academic Social Science), ASCI (Asian Science Citation Index) сияқты халықаралық дерекқорларда индекстелген ғылыми журналдармен таныстырды. Сонымен қатар, Карабүк университетінің журналдары туралы да ақпарат ұсынды.

Шетелдік профессордың баяндамасынан кейін филология факультетінің деканы Дүйсенғазы С. М. профессордың кафедра жұмысына белсене қатысқаны үшін алғысын білдіріп, оған алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды. Декан бұл ынтымақтастықтың бірлескен ғылыми жобалар аясында жалғасатынына үміт білдірді.

Өз кезегінде кафедра мүшелері шетел тілдерін оқыту әдістемесінің түрлі аспектілерін қамтитын қызықты әрі мазмұнды баяндамалар ұсынды.

Баяндама тақырыбының бірі «Podcasting және Shadowing әдістерін ағылшын тілін үйренушілердің тілдік еркіндігі мен табиғи айтылымын жақсарту үшін қолдану» болды. Бұл баяндаманы PhD докторы, кафедраның аға оқытушысы Садыкова А.К. ұсынды.
Өз баяндамасында Садыкова А.К. ағылшын тілін оқытуда Podcasting және Shadowing техникаларын қолданудың тиімді әдістерімен бөлісіп, студенттердің жұмыстарын таныстырды. Презентация барысында ол бұл әдістердің тілдік ырғақты жақсартуға, сөздік қорды байытуға және негізгі тілдік дағдыларды дамытуға қалай ықпал ететінін көрсетті.
Сонымен қатар, Садыкова А.К. оқу процесіне технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол Podcasting және Shadowing әдістерінің студенттерге тек айтылымды жақсартуға ғана емес, тыңдау арқылы тілді тереңірек меңгеруге де көмектесетінін айтты. Бұл әдістер тіл деңгейін ана тілі иелеріне жақындатуға ұмтылатын студенттер үшін әсіресе пайдалы болып, дәстүрлі оқыту әдістеріне тиімді қосымша бола алады.

PhD докторы, кафедраның аға оқытушысы Сулейменова Ж.А. кафедра мүшелеріне қазақ тілінде «Яссауи хикметтерін кәсіби бағытталған шетел тілі аясында оқытудың заманауи технологиялары» тақырыбында баяндамасын ұсынды.
Баяндама барысында ол ақынның хикметтерін білім беру процесінде қолданудың тарихи шолуын жасап, олардың студенттерді оқытуда құнды материал болып табылатынын дәлелдеді.
Сонымен қатар, Сулейменова Ж.А. Яссауи хикметтерін қолдана отырып, шетел тілдерін оқыту тиімділігін бағалау мақсатында 10 және 7 аптаға созылған эксперименттің статистикалық талдауын жүргізді. Тәжірибеде қолданылған дәстүрлі әдістер, мысалы, әңгімелеу және перефразалау, студенттердің білім деңгейі мен қызығушылығын айтарлықтай арттырғаны анықталды.
Эксперимент нәтижелері ANCOVA, MedCalc және PRAAT сияқты сандық бағдарламалар арқылы талданды. Қатысушылардың стандартталған тестілеу нәтижелері студенттердің ауызша сөйлеу деңгейінің едәуір жақсарғанын көрсетті.

Қызықты болған баяндамалардың бірі – аға оқытушы Ж.П. Ватутинаның «Шетел тілдері сабағында денсаулығы шектеулі студенттермен инклюзивті тәсілдің принциптері» тақырыбында жасаған баяндамасы болды. Баяндамасында ол жоғары білім саласында, әсіресе шетел тілдерін оқыту контекстінде, инклюзивті білім берудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
Инклюзивті тәсілді іске асырудағы негізгі мәселелер жан-жақты талданып, денсаулығы шектеулі студенттерді оқу процесіне тиімді қосу үшін ұсынылған принциптер сипатталды. Атап айтқанда, әлеуметтік-педагогикалық кедергілерді жою және ағылшын тілін қолжетімді деңгейде оқыту үшін жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл әдістер арнайы қажеттіліктері бар студенттердің білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар оларды университеттік ортада әлеуметтік интеграциялауға ықпал етеді.
Семинардың соңғы кезеңінде баяндамашылардың презентациялары талқыланды. Кафедра оқытушылары Чулакова З.У., Шахпутова З.Х., Касенова А.Б. және Сулейменова Ж.А. бірнеше қызықты сұрақтар қойды, соның ішінде: Карабүк университетінде қолданылатын шетел тілдерін оқытудың тиімді әдістері, инклюзивті студенттерді бағалау критерийлері, подкаст жасауға арналған лексикалық материалдар, сондай-ақ сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту үшін әртүрлі тақырыптарды қолдану мәселелері. Барлық сұрақтарға толық әрі мазмұнды жауаптар берілді.
Семинарды қорытындылау барысында қатысушылар қарастырылған мәселелердің өзектілігі, жаңашылдығы және алынған ақпараттың болашақта практикалық тұрғыдан қолдану құндылығы туралы бірлескен оң пікір білдірді. Бұл жиын шет тілдерін оқытуда заманауи технологиялар мен әдістемелік тәсілдерді интеграциялаудың маңыздылығын айқындап, тілдік дағдыларды меңгеруде оқытушылар мен студенттердің терең теориялық және практикалық даярлығының қажеттілігін дәлелдеді.
