
Астанада ЕҰУ қолдауымен «Study in Kazakhstan» көрмесі өтті

Әл-Фараби атындағы елордалық оқушылар сарайында өтіп жатқан «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесінде ЖОО-ның 20-дан астам шетелдік филиалдары ұсынылды. Іс-шараны 10 және 11 сынып оқушылары үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырды.
Көрмеде Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова, ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай және шетелдік ЖОО филиалдарының өкілдері қатысты.
«Study in Kazakhstan» көрмесінің негізгі мақсаты Қазақстаннан шықпай-ақ шетелдік ЖОО-да білім алуға мүмкіндік жасау. Қазіргі таңның өзінде еліміздің көптеген өңірлерінде шетелдің білікті ЖОО байланыс орнатылып, қос диплом жүйесі бойынша білім алуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта шетелдік жоғары оқу орындарының санын арттыру көзделуде. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өз баяндамасында атап өтті.
«Құрметті оқушылар, талапкерлер! Бұл көрме Астана қаласында 2 күн өтеді. Солайша, сіздер ойланып шешім қабылдап, ата-аналарыңызбен ақылдаса аласыздар. Сіздердің білім алуларыңызға еліміз тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Алдағы уақытта шетелдік ЖОО филиалдарын санын арттырып, қос диплом бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Осы өтіп жатқан көрмеден керекті ақпараттарды ала аласыздар деген сенімдемін. Сіздерге алдағы уақытта сәттілік тілеймін!», - деді Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, талапкерлер шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен түсе алады.
