
ЕҰУ мен «El Umiti» қоры Меморандумға қол қойды












Еуразия ұлттық университеті мен «El Umiti» корпоративтік қоры білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруға ықпал ететін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Мәселен, тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер мен іс-шаралар өткізуді, кадр даярлау саласында тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Меморандум аясында ЕҰУ студенттері мен магистранттары, докторанттары, сондай-ақ оқытушылары мен ғалымдары «El Umiti» қорында оқу, өндірістік және ғылыми тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.
Құжатқа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай мен «El Umiti» қорының басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова қол қойды.
«Бәріміз ел болашағы, Қазақстан жастары үшін еңбек етудеміз. Біз бірлескен қызметіміздің кез келген бағыты бойынша белсенді жұмыс істеуге дайынбыз. Біліктілікті арттыру әдістерін үйрететіндеріңізді білемін. Педагогикалық салада жұмыс істейтін оқытушылар әрқашан мектепте қалай және не оқытылатынын білуі керек. Университет пен мектеп тығыз байланыста болуы тиіс. Ертең педагогикалық мамандықта білім алып шыққан түлектер мектепке барып, жақсы нәтиже көрсете алмаса, бізге сын. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеуіміз керек», - деді ЕҰУ проректоры Ардақ Бейсенбай.
«El Umiti» КҚ басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова да белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
«El Umiti» әлеуметтік және білім беру салаларында мұғалімдермен, жастармен және мектеп оқушыларымен жұмыс істейді. Бізде әртүрлі жобалар бар. ЕҰУ – еліміздегі ең мықты университеттердің бірі. Біз қоғамға пайдалы болатын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», - деді Гүлім Жүсіпова.
Кездесу барысында «El Umiti» қорының жобалары таныстырылды.
