
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты 2024 жылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен болашақ жоспарларына есеп берді

Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының 2024 жылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен болашақ жоспарларына арналған есеп беру шарасы және «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» жобасы негізінде жарық көрген кітаптардың тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Оған елімізге белгілі ғалымдар, зерделі зерттеушілер, көрнекті абайтанушылар, университетіміздің белді оқытушы-профессорлары мен басқа қаладан Zoom байланысы арқылы зиялы қауым өкілдері қатысты.
Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зеттеу институты ашылған болатын.
«Абай академиясы» осы уақыт аралығында, яғни 5 жылдың ішінде арнайы сериялармен 90 ғлылыми-танымдық кітап әзірлеп, жарыққа шығарды. Қазіргі таңға дейін 90 жаңа еңбектің жарыққа шығаруының өзі абайтану саласындағы ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады. Бүгінгі тұсаукесер де – осы нәтиженің көрсеткіші.
«2024 жылы Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында академия ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің мемлекеттік тапсырысы негізінде «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» жобасын іске асырды.
Жоба аясында ғылыми-танымдық зеттеу кітаптарын дайындау, әлеуметтік және талдамалық зерттеулерді жүргізу жұмыстарына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші ғалымдарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ, сондай-ақ еліміздің абайтанушы ғалымдары белсене араласты және оларға жобаның ғылыми жетекшісі, редакциялық алқа, жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар басшылық жасады. Бұл Абай мұрасын жан-жақты зерделеу мен насихаттаудың маңызды әрі ауқымды жұмыстарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде: «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек», - деген болатын.
Сондықтан да бүгін «Абай академиясының» 2024 жылы атқарған жұмыстары мен олардың нәтижелері жайлы ғылыми және интелектуалды көпшілік алдында есеп беріп, болашақ бағдар туралы жоспарымызбен бөліссек деген ниетте жиналып отырмыз.
Абайтану – ұлттану немесе тұлғатану бағытындағы ғылымның кешенді саласы.Бұл – үздіксіз жалғасатын таным мен талғам, парасат пен білік мектебі.
Сондықтан «Абай академиясының» маңызы жоғары күрделі жобаларының аясында ғылыми-танымдық басылымдардың жарықа шығуына қолғабыс еткен әріптестердің баршасына ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықов.
«Абай академиясы» ғылыми-зеттеу жұмыстарының жылдық есебі мен болашақ бағдары жайлы академияның директоры Жандос Әубәкір баяндама жасап, авторлар мен қатысушы сыйлы қонақтардың қатысуымен алты кітаптың лентасы қиылды. Олардың ішінде филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Жанат Әскербекқызының «Абай поэзиясы: Көркем антропология. Мотив және актант» зерттеу кітабы; филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Сағынбай Жұмағұлдың «Естеліктер: тұлға тұғыры» ғылыми-танымдық зерттеу еңбегі; М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Альмира Қайыртаеваның «Абай этнопоэтикасы» ғылыми-зерттеу кітабы; ЕҰУ РҺD докторы Ләйлә Демесінованың «Абайдың «Толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту»; филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастыылған профессор Лаура Оразғалиеваның «Абай сөзінің сыры» зерттеу еңбегі мен абайтанушы Жандос Әубәкірдің «Абай мұрасы және тарихи өлке сыры» атты еңбектері бар.
«Академияның ғылыми бағыты – Абай мұрасын жаңа Қазақстанның рухани, мәдени, интелектуалдық дамуымен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету болғандықтан, Абайтану бағытында жетекші ғылыми институтқа айналу зор мақсатымыз.
Өздеріңіз көріп отырғандай Абай академиясы еліміздегі абайтану орталықтарымен шығармашылық байланыстарды жандандырып, ортақ жұмыстарды жүйелеу үстінде.Болашақтағы бағдарымыз – шетелдердегі Абайтану орталықтарын да академия төңірегіне үйлестіру», - деп атап өтті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір.
Келесі кезекте университетіміздің түлегі, қазіргі таңдағы магистрантымыз Абзал Мақаш Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін орындап берді.
Кеш соңында ректор Ерлан Сыдықов «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу интитутының «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» атты ғылыми жобасын іске асыруға және ұлы ақын мұрасын ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ ғалымды Алғыс хатпен марапаттады.
