
ЕҰУ Наурыз мейрамының бастауына айналған «Көрісу», «Амал» мерекесін атап өтті












Еуразия ұлттық университеті Наурыз мейрамының бастауына айналған «Көрісу», «Амал» мерекесін атап өтті. Амал күні Наурызға арналған тағылымды іс-шаралардың легін ашты. Олар ЕҰУ әрбір оқу корпусын қамтиды.
Құттықтау сөз алған Еуразия ұлттық университетінің ректоры жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Бүгін - Көрісу күні. 14 наурызда еліміздің батыс өңірлерінде тойланатын мереке қазір еліміздің барлық аймағында тойланып, Наурыз мейрамының басы Көрісу мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. «Амал» мерекесі, «көрісу» салты бұрыннан бар және қайта жаңғырды. Президенттің тапсырмасымен, қолдауымен бүгінде әз-Наурыздың аясы кеңіп, құлашын кеңге жая түсті. Жыл басы мейрамын он күн атап өтеміз. Әр күннің «Қайырымдылық» күні, «Ынтымақ» күні, «Шаңырақ» күні секілді өз атауы, өз мақсаты бар. Бүгін келіп, мерекеміздің шырайын кіргізгендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз», -деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Қазақтың ұлттық киімдері университеттің ажарын аша түсті. ҚХА мүшелері, студенттер мен оқытушылар төс қағыстырып, бір-біріне құрметтерін білдірді.ЕҰУ түлегі, JUZ40 білім беру компаниясының жетекшісі Жұлдызай Мұсаева университеттің Эндаумент қорына 10 000 000 теңге тапсырды.
«Мен Еуразия ұлттық университетінің филология факультетін 2019 жылы тәмамдағанмын.Осындай деңгейге жетіп, осындай кәсіпті бастауыма ең әуелі Алла тағалла, ата-анам, содан кейін ЕҰУ өз үлесін қосты деп білемін. Мен алғаш рет JUZ40 білім беру орталығын 20 баламен бастаған кезде, ЕҰУ қабырғасында оқитынмын. Сондықтанда бұл университет маған өте ыстық және көп нәрсе үйретті. Өйткені мен кезінде мемлекеттік грантқа бір балл жетпей, ақылы негізде оқуға түскенмін. Кейін екі жылдан кейін грант иелендім, енді міне, сол грантты өзім де беретіндей дәрежеге жеттім», - деп ағынан ақтарылды Жұлдызай.
ЕҰУ оқытушысы, ҚР Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков те өзінің жастарға тілегін білдірді:
«Бүгінде ЕҰУ ғылым, білім, тәрбие жағынан алдыңғы орында, үлгі тұтар университетке айналды. Мерекеміз құтты, деніміз сау, өрісіміз кең болсын. Менің айтарым, әнші болсын, ақын болсын, халқына жақын болсын. Әркім өзі ойлаған мақсатына жетсін!».
ЕҰУ профессоры Тұрсынхан Зекен салтанатты шараның шырайын батамен кіргізді.
«О, айналайын ағайын, сұрасаң бата берейін. Үстем болсын мерейің, Амал күні жұртымды, ақ тілекпен жебейін.Әуелі құдай оңдасын, Қыдыр болсын жолдасың. Киелі байтақ жерімді, көкте тәңір қолдасын. Ел іргесі мықты боп, көңілде кірбің болмасын. Халқын ойлап ұл өссін, қанатын жайып қыз өссін.Қазақстанымыз аман боп, әлемдегі мықты елдермен, иығы оның теңессін!», - деп бата берді.
Мерекелік шара барысында университеттің «Дала сазы» ансамблі және «Самұрық» би тобы өнер көрсетті.
Ұлттық киім киіп, мерекелік көңіл күйді алып келген прфессор-оқытушылар Халықаралық қатынастар факультеті мен заң факультетінің салт-дәстүрді назарға ұсынған «Гумилев» атриумындағы игі шарасымен жалғастырды. Қол алысып, төс қағыстырып, ақ дастархан басында бата-тілектерін жаудырды. Дастарханнан дәм татып, домбыраның құлағында ойнап, бұратылып би биледі.
