
Бір ауыз сөз...

2025 жылы 19 наурызда практикалық қазақ тілі кафедрасының оқытушылары Баян Абдуова мен Әсел Қожаева Рял-12, 14, 16 топтарының арасында сөз қасиеті, сөз мәдениетіне арналған, «Бір ауыз сөз...» деп аталатын тәрбие сағатын өткізді. Шынында да, сөз - өмірдегі ең үлкен күш. Бір ауыз сөз адамға қайсарлық пен күш те береді немесе жігерін құм қылады. Жылы сөз жанды жадыратады, ал суық болса, сүйектен өтеді. Кей сөздер адам өмірін түбегейлі өзгертіп те жібереді.
«Бір ауыз сөз» - адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастырудағы, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдаудағы маңызды құрал. Адамға айтылған әр сөздің артында жауапкершілік, ізгілік және адамгершілік жататынын ұмытпауымыз керек. Оқытушылар шынайы өмірден алынған, бір ауыз сөздің қаншалықты маңызы болатынына арналған видео роликтер көрсетіп, студенттердің көзқарастарын сұрады.
- Сіз өмірде қандай да бір сəтсіздікке ұрынып, опық жеген, тағдыр соққысын көріп, жігері мұқалған жақыныңызға бір ауыз сөз арқылы демеу беріп, аяғынан нық тұруға да себеп бола аласыз. Ол адам үшін сын сағатта қолдау ретінде шынайы көңілден шыққан бір ауыз сөзіңіз қаншама материалдық көмектен де артық болуы мүмкін. Оның ары қарай сеніммен өмір сүруіне сіз себепкер болсаңыз, бұдан артық адамгершілік жоқ деп ойлаймыз, - дейді олар.
Тәрбиелік сағат сөз қадірі мен күшіне қатысты белгілі ойшылдардың, ақын-жазушылардың даналық сөздері мен өлеңдерін оқыған студенттердің өнерімен аяқталды. Тартымды, қызықты, мағыналы сабаққа қатысқан қонақтар мен білім алушылар ризашылықтарын білдірді.
