
ЕҰУ-дың 43 білім беру бағдарламасы «Атамекен» ҰКП топ-3 рейтингіне енді










Қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары рейтингінің қорытындысы бойынша ЕҰУ-дың 43 білім беру бағдарламасы ТОП 3-ке кірген болатын, бұл республикалық жоғары оқу орындары арасында ең үздік көрсеткіш. Бүгін Еуразия ұлттық университетінде «Атамекен» ҰКП білім беру бағдарламалары рейтингісінің 2024 жылғы қорытындысы бойынша жүлделі орын алған кафедра меңгерушілерін марапаттау рәсімі өтті.
Марапаттау рәсіміне университет басшылығымен қатар Директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев, Кеңес мүшелері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері – адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Лязат Шонаева мен департамент сарапшысы Данияр Жұматаев қатысты.
Айта кетейік, ЕҰУ жылдан жылға білім беру бағдарламаларының сапасын арттырып келеді. Мәселен, өткен жылы шетелдік ACQUIN аккредиттеу агенттігінің халықаралық аккредиттеуінен 11 білім беру бағдарламасы сәтті өтіп, 2025 жылдың 10 наурызында Аккредиттеу кеңесінің шешімімен 6 жылға, яғни толық мерзімге аккредиттелді. Бұл білім беру бағдарламаларын іске асыратын кафедралардың өте ауқымды жетістігі және жоғары сапаның дәлелі.
Осы жылдың тағы бір жетістігі – университтіміздің 21 білім беру бағдарламалары Word University Rankings by Subject пәндік білім беру бойынша әлемдік рейтингісінде үздіктер қатарынан көрінді, соның ішінде ТОП-200 қатарына енді, олардың ішінде «Қонақжайлылық және демалысты басқару», «Археология», «Ағылшын тілі және әдебиет», «Лингвистика», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Тарих» білім беру бағыттары бар.
6В01717 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» және 6В01511 – «Информатика» білім беру бағдарламалары 2021 жылдан бері рейтингте тұрақты 1-орынды иеленіп келеді, 6В02307 – «Аударма ісі», 6В03102 – «Халықаралық қатынастар», 6B01408 – «Дене шынықтыру және спорт», 6В03101 – «Әлеуметтану», 6В05301 – «Қолданбалы химия», 6В07352 – «Инженерлік жүйелер мен желілер», 6В07352 – «Құрылыс материалдарын, бұйымдары мен констркцияларын өндіру» және 6В07322 – «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс», 6В06105 – «Математикалық және компьютерлік модельдеу» жоғары жетістіктерді көрсетуде.
Сондай-ақ биыл 6В01510 –«Физика пәнінен мұғалімдер даярлау», 6В05323 – «Техникалық физика», 6В05401 – «Математика», 6В04103 – «Мемлекеттік және жергілікті басқару», 6В03106 – «Саясаттану», 6В02120 – «Графикалық дизаин» және 6В02121 – «Сәулет дизаины», тағы басқа білім беру бағдарламалары үздіктер қатарына енді.
Университеттің білім беру бағдарламалары жыл сайын «Атамекен» ҰКП рейтингіне қатысады және ТОП 3-ке кіретін бағдарламалардың үлесі де тұрақты түрде артып келеді. Бұл ақпарат университеттің Ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы жылдары өткізіп келе жатқан Ұлттық рейтингке қатысуы тұрғысында ерекше маңызға ие.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Лязат Шонаева Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан 2024 жылы өткізілген Білім беру бағдарламаларының рейтингіне деректер жинау бойынша белсенді көмегі үшін ЕҰУ Аккредиттеу және рейтинг бөлімінің бастығы Гүлжанар Абдықұловаға алғысын білдірді.
«Мен өзім осы қалада тұратындықтан жақсы білемін, Еуразия ұлттық университеті еліміздегі жетекші жоғары оқу орны, ғылым мен білім берудің ұйтқысы. Көп жылдан бері еліміздің экономикасына үлес қосып келе жатқан қаншама кәсіпкерлерді даярлады. Бүгін біз білім беру бағдарламаларын іске асыратын кафедра меңгерушілерін құттықтап жатырмыз, бұл біздің сіздерге деген, сіздердің университет ЕҰУ-ға деген құрметіміз. Жеңістеріңіз көп болсын және алдағы уақытта да жетістікке жете беріңіздер!» - деп атап өтті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі – адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Лязат Шонаева.
