
ЕҰУ-да Қабылдау комиссиясының салтанатты ашылу рәсімі өтті
Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қабылдау комиссиясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараны «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов ашып, биылғы жылы оқуға қабылдаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар Еуразия ұлттық университеті студенттерінің саны талапкерлердің қабылдануына байланысты екенін, сол себептен техникалық хатшылар құрамына биыл университеттің ең тәжірибелі, білікті қызметкерлерінен бөлек жастардың көбірек тартылғанын баса айтты. Ерлан Бәтташұлының айтуынша, Қабылдау комиссиясының мүшелері биыл 60 пайызға жаңартылған және дені жастар. Олар үш ай бойы тынымсыз еңбек ететін болады. Яғни, Қабылдау комиссиясының жұмысы тамыз айының 28-де университетке оқуға қабылдау туралы Ректордың бұйрығын рәсімдегенге дейін жалғасады.
Сонымен қатар Ерлан Бәтташұлы бүгін елімізде 120 оқу орны өз жұмысын бастағанын, университетіміздің Қабылдау комиссиясы дәл бүгін ресми түрде құжат қабылдауға кіріскенін, оған 85 профессор-оқытушы құрамынан және бөлім қызметкерлерінен жасақталған техникалық хатшылар жұмылдырылғанын жеткізді.
«Өткен жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекетттік білім беру тапсырысы бойынша 73 мың грант бөлінсе, биылғы жылы білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде 88 мың мемлекеттік білім гранты бөлінді. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, университет осы Қабылдау комиссиясынан басталады. Сіздердің жылы жүздеріңіз, сіздердің ниеттеріңіз, кәсібиліктеріңіз бен мәдениеттеріңіз құжат тапсырып жатқан талапкерге бірден әсер етеді. Бұл сәт олардың есінде мәңгі қалуы әбден мүмкін.
Биыл 177 мың жас өрен мектеп бітірді. Біз жыл сайын өте көп грант иегерлерін аламыз, биыл да сол дәрежеде қабылдайтын шығармыз. Ал енді олардың ішінде ЕҰУ-ға үздіктердің үздігі келуі сіздерге байланысты. Ендеше, 1 қыркүйек – жаңа оқу жылында осы топпен бір-бірімізді «Тамаша студенттерді қабылдадық» деп құттықтайтын дәрежеге жетейік. Биылғы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді университет басшысы.
Сондай-ақ ректор Қабылдау комиссиясы мүшелерінің жұмысымен танысып, талапкерлер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалғанын, оның ішінде құжат тапсырушылар бұрынғыдай сарылып кезекте тұрмайтынын, бәрі электронды және ақпарат беретін арнайы орталық жұмыс істейтінін атап өтті.
«Бүгін талапкерлер үшін тағы бір жауапты кезең басталды: 2023-2024 оқу жылына қабылдау жұмыстарын жүргізуге университеттен арнайы техникалық хатшылар бекітіліп, Қабылдау комиссияның мүшелері өз қызметтеріне кірісті. Бірі техникалық бағдарламалаушы ретінде жауапты болса, енді бірі бакалавр мамандықтары бойынша талапкерлерден құжаттар қабылдайды. Оған негізінен оқытушылар мен қызметкерлер тартылған. Магистартура және доктарантура мамандықтары бойынша да әр факультеттен мамандар бар. ЕҰУ-дың ұраны: «Біз алмайтын асу жоқ!». Олай болса біз де Қабылдау комиссиясының жұмыстарын биылғы жылы жоғары деңгейде жүргіземіз деген сенімдемін. Сіздерге сәттілік, білімділік, біліктілік тілеймін және Қабылдау комиссиясының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын», - деді жауапты хатшы Ләззат Егеубаева.
Сонымен қатар, бірінші рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелеріне жаңа тармақ, яғни әскери борышын өткерген азаматтарды ұлттық бірыңғай тестілеу өтпей-ақ (бакалавриат) және кешенді тестілеусіз (бейінді магистратура) жоғары оқу орындарға қабылдау ережесі қосылғанын жеткізді.
«2022 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ арасында азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Келісімде Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарында әскери қызметін өтеген тұлғаларға жоғары оқу орындарының ішкі білім гранттарын беру жөніндегі Министрліктің саясатын қолдау мақсатында Университеттің білім гранттарын беру мүмкіндігі туралы айтылған.
Осы орайда, соңғы үш жылдағы (2020, 2021, 2022) университетке қабылдауға нәтижелерін талдай отырып, сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша 2023-2027 оқу жылдарына Университеттің 36 білім беру бағдарламалар тобына 100 білім алушыларды қабылдау жоспарланып отыр», - деді жауапты хатшы Ләззат Бақытқызы.
Жалпы, оқуға түсу туралы толық ақпаратты Қабылдау комиссиясынан алуға болады. Қабылдау комиссиясы ЕҰУ сәулет-құрылыс факультетінің ғимаратында 104 және 105 бөлмелерде орналасқан. Байланыс телефоны: 8 (7172) 70-94-50.
