
Қызметтік іссапар: Нүкіс қаласындағы ғылыми іс-шаралар туралы

2025 жылғы 3-4 сәуір аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Филология факультеті, Қазақ тіл білімі кафедрасының PhD, постдокторанты, аға оқытушысы, AP23488671 «Қазақ жастарының этномәдени санасының тілдік көріністері» атты гранттық жобаның орындаушысы Жанжігітов Сырым Жанмұратұлы Өзбекстан Республикасының Нүкіс қаласына қызметтік іссапармен барды.
Іссапар барысында бірқатар ғылыми және мәдени іс-шаралар жүзеге асырылды:
3 сәуір күні Әжінияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтында жоба аясында «Этномәдени сана және тілдік бірегейлік: сұхбат пен сауалнама әдістері арқылы зерттеу тәсілдері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Семинарға Түркі тілдері факультетінің бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушылары қатысты. Іс-шара барысында тіл мен мәдениет байланысы, сапалық зерттеу әдістері, студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту мәселелері талқыланды.
Сол күні жоба шеңберінде ассоциациялық эксперимент те ұйымдастырылды. 17 мен 25 жас аралығындағы Түркі тілдері факультетінің қазақ студенттері қатысқан бұл эксперимент Google Form платформасы арқылы жүзеге асырылды. Қатысушыларға этномәдени мазмұндағы 100 сөз ұсынылып, әр сөзге бір сөзбен ассоциация жазу тапсырылды. Жиналған деректер қазақ жастарының этномәдени санасын зерттеу мақсатында жүйеленіп, алдағы салыстырмалы зерттеулерге негіз болады.
4 сәуір күні Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Абай рухани мұрасының түркі әлеміне әсері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында «Дәстүр мен жаңашылдық: Қазақ жастарының тілдік санасындағы өзгерістер» тақырыбында ғылыми баяндама жасалды. Баяндамада қазақ жастарының тілдік санасындағы дәстүрлі және жаңашыл құндылықтардың арақатынасы, олардың тілдік көрінісі ғылыми тұрғыдан талданды.
Іссапар соңында конференция қонақтарына арналып мәдени-танымдық концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар Нүкіс қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасалып, жергілікті мұражайлар мен этнографиялық орталықтар таныстырылды.
Іс-шара аясында Әжінияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Қуандық Айтбайұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың атына арнап Алғыс хат табыстады. Бұл – екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болды.
