
Испаниялық маман Хосе Мария Фрейре Дуро ғылыми семинар өткізді



2025 жылдың 3 сәуірінде Ғылым онкүндігі аясында Испаниядан шақырылған маман Хосе Мария Фрейре Дуро «Introduction to neuropsychological rehabilitation» тақырыбында семинар өткізді.
Хосе Мария Фрейре Дуро – жан-жақты тәжірибесі бар бірегей маман. Ол Сирия, Грузия, Йемен, Оңтүстік Судан, Нигерия және Сомали секілді қақтығыс аймақтарында клиникалық және дағдарыстық психология саласында мол тәжірибе жинақтаған. Лектор қатысушылармен нейропсихологиялық оңалту саласындағы көпжылдық практикалық тәжірибесімен бөлісті. Бұл оңалту жоғалған когнитивтік функцияларды қалпына келтіруге, психоэмоционалдық күйзеліс деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жарақаттың салдарымен күресу стратегияларын қалыптастыруға бағытталған.
Хосе Мария Фрейре Дуроның нейродегенеративті аурулары бар науқастарды нейропсихологиялық оңалту саласына қосқан үлесі де аса маңызды. Ол Испаниядағы Паркинсон ауруы қызметінің жетекшісі болып табылады. Семинар барысында когнитивтік функцияларды, зейін, жады, атқарушы функциялар мен пациенттердің эмоционалдық жағдайын бағалау және қалпына келтірудің заманауи ғылыми тәсілдері қарастырылды. Ғалым нейрооңалтудың кешенді тәсілі, пациенттің оңалту шараларына белсенді қатысуының маңызы, сонымен қатар оңалту процесіне мамандарды, туыстарын және жақындарын тарту қажеттігі туралы айтты.
