
ЕҰУ-де «Тіл. Мәдениет. Аударма: цифрлық дәуірдегі мәдениетаралық коммуникация» атты халықаралық конференция өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің аударма теориясы және практикасы кафедрасында «Тіл. Мәдениет. Аударма: цифрлық дәуірдегі мәдениетаралық коммуникация» тақырыбында жыл сайынғы II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Пленарлық отырысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова ашты. Өз сөзінде ол:
«Аталмыш конференция – университетіміздің ғылыми өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі және қарқынды дамып жатқан цифрлық технологиялар жағдайында тіл, мәдениет және аударма мәселелеріне академиялық қауымдастықтың жоғары қызығушылығын айғақтайтын бірден-бір көпір» - деп, аударма саласындағы қарқынды дамып келе жатқан технологиялардың өзектілігін атап өтті.
Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы дәстүрге айналған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтап, өз сөзінде қазіргі заман әлемінің технологияларға, коммуникацияға және мәдениетке негізделген жаһандық трансформацияларды бастан өткеруін, сондай-ақ бұл үдерісте тіл мен аударма тек ақпарат жеткізу құралы ғана емес, сонымен қатар мәдениетаралық диалогты қалыптастырудың, халықаралық әріптестікті нығайтудың және цифрлық болмысты айқындаудың маңызды құралдарына айналуын атап өтті.
Конференция отандық ғалымдарды қоса, АҚШ, Чехия, Польша, Түркия, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Қытай, Өзбекстан және т.б. елдердің ғалымдарын мен жас зерттеушілерін, аудармашы мамандарын біріктірді. Пленарлық отырыс аясында келесі жетекші ғалымдар мен сарапшылар баяндамалар жасады:
PhD Виктория Вайдо (Острава университеті, Чехия) «Чех тілінің орыс тіліне әсері: қатынастағы интерференция» атты баяндамасында славян тілдерінің өзара ықпалдастығы және билингвтерде туындайтын интерференция мәселелерін тілдік тұрғыдан қарастырды.
PhD, қауымдастырылған профессор Пьеро Йанниело (Нью-Хейвен университеті, АҚШ) «Intercultural Communication: The Unavoidable Stereotypes» баяндамасында мәдени стереотиптердің табиғатын және олардың мәдениетаралық коммуникациядағы рөлін талдады.
Ф.ғ.д., профессор Гүлнара Кульдеева (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақстан) «Аударма оқыту әдістемесі: пәннің өзектілігі мен мәселелері» баяндамасында оқытудың жаңа педагогикалық тәсілдерін енгізу қажеттігін атап өтті.
PhD, қауымдастырылған профессор Дамьян Попич (Любляна университеті, Словения) «Bridging Bytes and Babel: AI, Transliteration, and the Future of Global Translation» баяндамасында аударма саласындағы жасанды интеллект пен технологияларды пайдаланудың болашағына тоқталды.
Ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Асия Сулькарнаева (М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстан филиалы) «Аударма және аудармашы: аудармашы емес адамның пікірі» баяндамасында жүргізілген социологиялық зерттеу нәтижелерін ұсынды.
PhD, қауымдастырылған профессор Салтанат Мамбаева (Қырғыз-Түрік «Манас» университеті, Қырғызстан Республикасы) «Peculiarities of Translating Stylistic Devices in the Epics from Kyrgyz into English» атты баяндамасында қырғыз эпосын ағылшын тіліне көркем аудару ерекшеліктерін қарастырды.
PhD, профессор Онур Коксал (Сельчук университеті, Түркия) «A Literature Review on the Effectiveness of Remote Interpreting Platforms» баяндамасында KUDO, Interprefy, Voiceboxer, Interactio, SpeakUs және Zoom платформаларына салыстырмалы талдау жүргізді.
Кульшан Алиева-Тюфек, Кәсіби аудармашылар мен аударма компаниялар қауымдастығының төрағасы, «Цифрландыру дәуіріндегі ауызша аударма оқыту» баяндамасында оқытудың жаңа платформалары мен әдістеріне назар аударды.
Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы үш тақырыптық секция бойынша жалғасты:
- Аударма мен аударматануды оқытудағы инновациялық технологиялар - қазіргі заманғы оқыту әдістері, цифрлық платформалар мен ресурстар талқыланды.
- Жасанды интеллект және мультимедиялық аударма - машиналық аударма технологиялары, үдерістерді автоматтандыру және медиамәтіннің рөлі қарастырылды.
- Аударма мәселелері және мәдениетаралық коммуникация - тілдік-мәдени аспектілер, реалийлерді, идиомаларды және мәдени кодтарды аудару мәселелері көтерілді.
Конференция аясында жалпы саны 57 ғылыми баяндама ұсынылып, қазіргі аударматану ғылымының өзекті тақырыптарын қамтыды. Іс-шара біліммен алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және цифрландыру мен жаһандану жағдайында аударма саласын дамыту перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Конференция соңында өткен қызу пікірталас барысында қатысушылар жыл сайынғы форматтағы мұндай диалогты жалғастыру, білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізу және ғылыми салада халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
