
ЕҰУ-да Қаржы министрі дәріс оқыды




Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Еуразия ұлттық университетінің білім алушылары алдында дәріс оқыды.
Қаржы министрінің оқыған дәрісі – «Мемлекеттік қаржыны басқару» – қызығушылық пен белсенді пікірталас тудырды.Оның тақырыбы жаңа Қазақстан жағдайында мемлекеттік қаржыны басқару мәселелеріне арналды және ерекше назармен қабылданды.
Экономика факультеті ұйымдастырған шараға Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов, профессор-оқытушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Мәди Тәкиев өздерің секілді жас болды, студенттік өмірді бастан өткерді. Кешегі ізденімпаз жас бүгін білім мен біліктілігінің арқасында министр дәрежесіне көтеріліп отыр. Бүгін алтын уақытын қиып, қабырғасында Нобель сыйлықтарының лауреаттары дәріс оқыған еліміздегі жетекші жоғары оқу орнына атқарып жатқан жұмысы туралы өз ойларымен бөлісу мақсатында сіздердің алдарыңызға дәріс оқуға келіп отыр. Сондықтанда университетіміздің атынан және бәріміздің атымыздан алғыс білдіремін», - деді ректор Ерлан Сыдықов.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Мәди Тәкиев өз дәрісінде мемлекеттік қаржыны басқарудың дәстүрлі үлгілеріне назар аударды, әсіресе, мемлекеттік кіріс тақырыбына кеңінен тоқталды. Оның ішінде салық жүйесінің құрылымы, салықтағы жеңілдіктер, корпоративтік табыс, қосымша құн салығы сөз болды. Мемлекеттік қаржыны басқару стратегиялық және оперативтік басқару болып ажыратылатынын атап өтті. Стратегиялық басқаруды дәстүр бойынша мемлекеттік биліктің және басқарудың жоғары органдары – Парламент, Президент аппараты, Үкімет, Қаржы министрлігі жүзеге асыратынын және бақылаумен Есеп комитеті айналысатынын жеткізді.
«Елімізде республикалық бюджеттің атқарылуын сыртқы бақылаумен бақылау жөніндегі Есеп комитеті айналысады, ол Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін республикалық бюджеттің атқарылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Есеп комитетінің құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен айқындалған», - деп атап өтті спикер.
Министр дәрісі тыңдаушылардың қызығушылығын тудырып, мазмұнды пікірталас пен пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейін және кездесудің шабыттандыратын тұстарын, сондай-ақ Мәди Тәкиевтің практикалық және стратегиялық тәжірибесі бар нағыз қаржы маманы ретіндегі көзқарастарының маңыздылығын атап өтті.
Мұндай ашық дәрістерді өткізу еліміздің дамуына оң ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар білім мен нақты экономика арасындағы көпірді қалыптастырады, ХХІ ғасырдың сын-тегеуріндеріне дайын қаржыгер басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруды ынталандырады.
Дәріс соңында министр осындай ашық дәріс ұйымдастырған Еуразия ұлттық университетіне өз атынан алғыс білдіріп, табыс тіледі.
