
«Докторлық диссертация қорғауға дайындалу алгоритмі» тақырыбындағы семинар

2025 жылдың 26 ақпанында ректордың бұйрығымен 8D031 - Әлеуметтік ғылымдар (8D03103-Психология) мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашылды.
Осыған орай 2025 жылдың 10 сәуірінде университетте өткен ғылым онкүндігі аясында психология кафедрасында «Докторлық диссертация қорғауға дайындық алгоритмі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинарды психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Байжуманова Бибианар Шаймерденовна мен PhD докторы Сәулет Уразбекқызы Әбенова жүргізді.
Семинардың негізгі идеясы семинарға қатысушыларды докторлық диссертацияны дайындау және қорғаудың талаптарымен, стратегияларымен және алгоритмдік кезеңдерімен жан-жақты таныстыруға бағытталған. Семинар барысында ғылыми-зерттеу іс-әрекетін жоспарлау, зерттеу нәтижелерін жариялау белсенділігі, диссертацияның құрылымы мен мазмұны, кафедраның кеңейтілген отырысын өткізу тәртібі, диссертацияны диссертациялық кеңеске ұсыну тәртібі және т.б. сияқты басты мәселелер талқыланды.
Осылайша, семинар докторлық диссертацияны дайындау және қорғау процесі туралы білімді жүйелеуге, негізгі талаптарды нақтылауға және тақырып таңдаудан бастап көпшілік алдында қорғауға дейінгі ғылыми жолдың барлық кезеңдерін сәтті өтуге қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруға пайдалы болды.
Семинарға психология кафедрасының эдвайзерлері, докторанттары, докторантураға түсуді жоспарлап отырған екінші курс магистранттары, сондай-ақ басқа білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттар қатысты.
