
Мектеп оқушыларының республикалық ғылыми жобалар конкурсы: химиядан жас зерттеушілердің жетістігі

2025 жылдың 18-21 ақпан аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасының оқытушылары Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсына ұсынылған химия бағыты бойынша жұмыстарды бағалауға және сараптауға қатысты. Бұл маңызды шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың білімін, ғылыми ізденісін және зерттеушілік дағдыларын сынайтын ауқымды алаңға айналды.
Химия бағыты бойынша конкурсқа 126 ғылыми жоба ұсынылды. Оның ішінде:
- Топтық жұмыстар – 26
- Жеке жұмыстар – 100
- Қатысқан оқушылар саны – 152
Бірінші кезеңде барлық жұмыстар сараптамадан өтіп, арнайы сын-пікірлер, ұсыныстар жасалды. Осы сараптаманың нәтижесінде 41 жұмыс қорғауға жіберілді.
Конкурстың келесі кезеңінде осы ғалымдар әділқазылар алқасының мүшесі ретінде оқушылардың жобаларын бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Қорытынды бойынша 24 оқушы жүлделі орындарға және 7 оқушы грамотаға ие болды.
Ғылыми жобалар келесі негізгі бес бағытқа топтастыруға болады:
1️. Экология және қоршаған ортаны қорғау
- Ағынды суларды тазарту
- Қоршаған ортаға зиянды заттардың әсерін зерттеу
- Биогумус пен гуминді заттарды зерттеу
2️. Фитохимия және биотехнология
- Өсімдіктердің химиялық құрамын талдау
- Биологиялық белсенді қосылыстарды алу
- Дәрілік өсімдіктерді зерттеу
3️. Полимерлер, наноматериалдар және сорбенттер
- Наноқұрылымды материалдарды синтездеу
- Полимерлердің қасиеттерін зерттеу
- Жаңа сорбенттерді әзірлеу
4️. Энергетика және жаңартылатын ресурстар
- Биоотын өндіру
- Суперконденсаторларға арналған көміртекті материалдар
- Энергия тиімді материалдар әзірлеу
5️. Инновациялық химиялық технологиялар және материалтану
- Металлургиялық және көмір өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу
- Коррозияға қарсы ингибиторлар жасау
- Химиялық технологиялардың жаңа әдістерін әзірлеу
Бұл конкурс жас зерттеушілерге өз ғылыми жұмыстарын көрсетуге, өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуға және болашақ ғылыми жетістіктерге қадам басуға мүмкіндік берді. Байқаудың қазылар алқасы жас ғалымдардың күш-жігерін жоғары бағалап, олардың ғылыми зерттеулері мен жетістіктердегі болашақ табыстарына сенім білдіреді.
