Президент ЕҰУ профессоры Серік Негимовты мерейтойымен құттықтады
Бүгін ЕҰУ профессоры Серік Негимов 75 жасқа толып отыр. Елімізге белгілі ғалымды ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев мерейтойымен құттықтады.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев табыстады.
«Жарты ғасырдан астам еңбек жолыңызда отандық әдебиеттану ғылымының жаңа белеске көтерілуіне сүбелі үлес қостыңыз. Ұлттық мәдени байлығымыздың қайнар көзі - қазақтың жыршы-жыраулары, би-шешендері қалдырған асыл мұраларының философиялық мәні мен мазмұнын ашып, жан-жақты зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткіздіңіз. Қазіргі заманғы ақындардың поэзиясына тереңнен ден қойып, өлеңнің теориясы мен көркемдік сипатын көрсете білдіңіз» - делінген ҚР Президентінің құттықтау хатында.
Сонымен қатар белгілі ғалымға ҚР ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хатын жолдады. ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш мерейтой иесіне университеттің ең жоғары марапаты Лев Гумилев атындағы төсбелгіні табысталды.
Көрнекті ғалым Серік Негимов Еуразия ұлттық университетінде 2005 жылдан бастап еңбек етеді. Профессор осы жылдар аралығында мыңнан астам шәкірт тәрбиеледі. Оның табанды ғылыми ізденістері арқасында университет жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында тың кітаптар жарық көрді.
Филология ғылымдарының докторы Серік Нығметоллаұлы өзінің еңбек жолында 400-дей ғылыми, әдеби-сын мақалалар мен рецензиялар жариялады. Ұлттық поэтика, ақын-жыраулар поэзиясы, қазіргі қазақ лирикасы, өлең құрылысы, риторика саласында еңбектенді.