
Көктемгі аударма мектебі: халықаралық ынтымақтастық, инновациялар және тәжірибе

Ғылым онкүндігі аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің филология факультетінде «Аударма саласындағы заманауи тенденциялар» атты көктемгі аударма мектебі өтті. Іс-шараны аударма теориясы мен практикасы кафедрасы Словениядағы Любляна университетімен бірлесе ұйымдастырды.
Үш күнге созылған мазмұнды бағдарлама аясында қатысушылар аударма саласындағы озық әдіс-тәсілдермен танысып, тәжірибе алмасып, кәсіби көкжиектерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Аударма мектебіне қатысу үшін 121 өтінім келіп түсті, олардың ішінен 50-ден астам адам оффлайн форматта қатысты. Спикер ретінде Қазақстан мен шет елдерден келген ғалымдар мен тәжірибелі аудармашылар шақырылды.
Аударма мектебінің басты спикері – қазіргі заман тарихы институтының және Любляна университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Дамьян Попич болды. Ол келесі тақырыптарда бірқатар семинарлар өткізді: «Аудармада ЖИ бар (немесе жоқ): заманауи аудармада жасанды интеллектті қалай қолдануға және өз ЖИ-іңді қалай үйретуге болады», «Цифрлық дәуірдегі аударма жобаларын басқару (бастапқы кезеңнен)», «Цифрлық дәуірдегі терминологияны басқару (бастапқы кезеңнен)».
Семинарлар барысында профессор Дамьян Попич заманауи технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің аударма тәжірибесінде тиімді қолдану жолдарын көрсетті. Аударма жобаларын іске қосу мен үйлестіру, сондай-ақ терминологиялық базамен жұмыс істеу тәсілдерін нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, ЖИ-ді нақты аудармашының қажеттіліктеріне бейімдеу мәселесін қозғап, нейрожелілерді дұрыс пайдаланбау кезінде туындайтын тәуекелдерді атап өтті.
30 жылдан астам тәжірибесі бар синхронды аудармашы Күлше Мурсалимнің сот қаулыларын аудару мен редакциялауға, сондай-ақ сот ісінде ауызша аударма ерекшеліктеріне арналған лекция-практикумы қатысушылар тарапынан зор қызығушылық тудырды. Ол сот саласына тән терминдерді нақты әрі дәл жеткізудің маңыздылығын, әсіресе сотталғандар қатысқан тыңдалымдардағы аударма ерекшеліктерін түсіндіріп, өзінің кәсіби тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді.
PhD докторы, профессор Айнұр Баекеева (Maqsut Narikbayev University) аудармада САТ құралдарын қолдануға арналған ашық шеберлік сабағын өткізіп, Phrase және MateCAT жүйелеріне ерекше тоқталды.
Түркітанушы Мерием Сайлак түркі тілдес елдер арасындағы салыстырмалы аударма мәселелерін көтеріп, мағынасы екіұшты аудармалардан аулақ болу жолдары мен ішкітілдік аударма зерттеулерінің маңыздылығын атап өтті.
СВМДА хатшылығының аудармашысы-практигі Мейрам Ислам дипломатиялық іс-шараларда ілеспе, ізбе-із және шушутаж аудармаларының ерекшеліктері туралы бөлісті. Ол аудармадағы протокол сақтау, тосттар мен әзілдерді жеткізу, сондай-ақ ым-ишара мен мимиканы аудармада дұрыс интерпретациялау туралы нақты мысалдар келтірді.
«Астана Балет» театрының аудармашысы, М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы филиалының оқытушысы Людмила Задорожная қазақ тілінің реалиялар, лакуналар мен фразеологияны театр және балет қойылымдарында аудару ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Тыңдаушылар балет костюмдерінің техникалық сипаттамаларын аудару мен бишілердің және балетмейстерлердің қимылдарын интерпретациялау мәселелерін қызу талқылады.
Ағылшын және француз тілдерінен синхронды аудармашы, фрилансер Снежана Скаковская медициналық конференциялар мен емханалардағы аударма ерекшеліктерімен бөлісті. Ол медициналық аударма тек жазбаша немесе синхронды аудармамен шектелмейтінін, сондай-ақ науқас қатысқан кездегі тікелей аударма мен ота жасау барысындағы ілесіп жүретін аудармаларды да қамтитынын атап өтті. Ауруханалар мен емханаларды халықаралық аккредитациядан өткізу кезінде аудармашының рөлін ерекше атады және бұл салада жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра алмайтынын айтты.
Жалпы, көктемгі аударма мектебі жоғары деңгейде өтті және жас мамандар мен тәжірибелі аудармашылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Барлық қатысушылар Любляна университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің арнайы сертификаттарына ие болады, ал барлық спикерлерге ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар табысталды.
Көктемгі мектеп халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жаңа буын аудармашыларын даярлауда заманауи әдіс-тәсілдерді ілгерілету жолындағы маңызды қадам болды.
